Мәдениет және креативті индустрия

Еліміздің креативті индустриясында, яғни медиа, кино, музыка, дизайн және IT технологиясында 200 мыңнан астам адам жұмыс істейді.

Бұл елдегі еңбекке қабілетті азаматтардың шамамен 4 пайызы. Алдағы уақытта отандық саланы дамыту үшін өңірлерде арнайы орталықтар құрылады. Бұл тың ойы бар жастардың басын қосып, көптеген ұлттық бренд қалыптастыруға және оны табыс көзіне айналдыруға мүмкіндік береді.

Айман Молдабекова – кибермодель. Қыздың оң қолында тумасынан кемістігі бар. Ұзақ уақыт бойы косметикалық құрылғымен жүрді. Бала кезінен сәнге қызыққанымен, ұяңдау болып өсті. 7 жасында протез орнатып, фотографтардың назарына іліккен. Кейін Ыстамбұлдың модельдік агенттіктерінің бірінде жұмыс істеді.

Айман Молдабекова, кибермодель:

- Мен қызмет еткен жұмыс орынның үздік моделіне айналдым. Агенттік ерекшелігі бар адамдарға басымдық беретін. Әр адам өзінше әдемі екенін сол кезде түсіндім. Қазір шақырған жерден қалмауға тырысамын.

Айман Түркияда блог жүргізген. Оқырмандарына саланың қыр-сырын үйретті. Фотосуретке түсіру, моделинг, мобилография және инклюзивтілік бойынша бар білгенімен бөлісті. Қазір ол креативті индустрияның амбассадорына айналды. Қыздың онлайн-жобасы көп. Тағдырластарына кеңес беруден жалықпайды.

Айман Молдабекова, кибермодель:

- Өзекті тақырыптарды көтеруге әлеуметтік жобалар жақсы көмектеседі. Осындай іс-шаралар арқылы ниеттес адамдарымды таптым. Саланың басы-қасында жүрген тұлғалармен танысып, өнімімді қоғамға дайын күйінде тарату үшін мені кеңселеріне шақырып жатыр.

Қазақстан адами капиталға да бай ел. Жас дарындар ән жазып, сурет салады. Түрлі тың жобаларды дайындайды. Ендігі қалып тұрғаны - пайда табу, монетизациялау.

Ирина Харитонова, "Kazakh Tourism" Креативті туризм департаментінің директоры:

- Салаға бірыңғай тетік керек. Өткен жылы 30 желтоқсанда креативті индустрия ұғымы заң жүзінде бекітілді. Биыл біз алғашқы жемісін көріп, экономикалық қызмет түрлерінің 43 жалпы жіктеуішін анықтап алдық.

Алдағы уақытта креативті индустрияның жастарын қолдайтын қор құрылады. Бірыңғай ақпараттық портал іске қосылады. Тың идеясы барлар өз жобасын таныстырып, өтінім қалдыра алады. Кәсіпкерлер қызығушылық танытса демеуші бола алады. Бүгінде мәдениет пен креативті индустрияны дамыту бойынша 2025 жылға дейін арналған тұжырымдама жұмыс істейді. Қазір ел аумағында 15 хаб бар. Көбі ірі қалаларда орналасқан.

Гүлісхан Нахбаева, ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігі креативті департаментінің директоры:

- Көптеген креативті жастарымыз Алматы қаласында шоғырланған. Себебі ол жақтағы жастар өте белсенді. Көптеген жобаларын іске асыруда. Өздері бастамашы ретінде көптеген хабтарды ашып жатыр. Өздеріңізге белгілі, елімізде талант көп. Оның бірі Димаш Құдайберген. Ол тек әнімен ғана емес, өз атын брендқа салды. Халықаралық аренада өз атымен біздің елімізді танытып жүр. Сырттан келіп жатқан турист көп.

Баланың дамуы үшін мемлекеттің қолдауы керек. Шығармашылық үйірмелер ашылып, жаңа бағдарламалар енгізілгені жөн. Осыған орай 2025 жылға қарай балалардың 25 пайызына тегін қосымша білім беру жоспарланып отыр.

Лилия Атажанова, Республикалық қосымша білім беру орталығы директорының орынбасары:

- Нормативтік база анықталған. Ендігі кезек жергілікті атқарушы органдар жыл сайын осы балалардың дамуына қаржы бөліп отыру керек. Балалардың қажеттіліктерін анықтап, соған сәйкес қазір көптеген оқушылар сарайы салынып жатыр. Балалардың дамуына арналған музыка және өнер мектептері салынып жатыр.

Биыл алғаш рет "Платон 5Д" мектеп жобасы іске қосылады. Жалпы елде балаларға арналған 18 бизнес-инкубатор бар. Оқушылар сарайы негізінде 30-ға жуық технопарк жұмыс істеп тұр. Жалпы қосымша білім шеңберінде шамамен 12 мың оқушы қамтылған.

Авторлары: Мирлан Алтынбек, Жандос Битабаров, Диас Қовланбаев