Биыл Қостанай облысына 966 қандас көшіп келді
Бұл белгіленген квотадан үш жарым есе артық.
Олардың 90 проценті Рудный қаласына қоныстанған. Сыртқы істер министрлігіне қарасты «Отандастар» қорының өкілдері осы қалада болып, қатарымызды толықтырған ағайынның тұрмыс-тіршілігімен танысты.
Гүлсина Қалмырзаева Рудныйға Өзбекстаннан көшіп келді. Жоғары білімді дәрігер. Біраз жыл бойы жергілікті ауруханада жұмыс істеді. Кейін жеке ЛОР кабинетін ашуды ұйғарды. Оны жабдықтау үшін мемлекеттен қайтарымсыз 5 миллион теңге және 6 миллион теңге субсидия алған. Қазақстанда әр адамға жеке ісін ашуға мүмкіндік мол, дейді кәсіпкер.
Гүлсина Қалмырзаева, жеке кәсіпкер:
- Өзімнің қызыққан жұмысымды үлкен дәрежеге жеткізем деген адамға жағдай көп жаратылған біздің мемлекетте. Ол рас, мен өзім көрдім, өзімнің басыман ол көмектерді алып, жұмысымды алға жүргізіп жатырмын.
Кеншілер қаласында қоныс тепкен қандастарымыз түрлі салада еңбек етеді. Көбі жеке кәсіппен айналысады. Бірі тігін цехын ашса, енді бірі түйе шаруашылығын түлетіп, аймақты шұбатпен қамтамасыз етіп отыр. Әрине мазалайтын мәселелер де жоқ емес.
Еркебұлан Меңдібаев, "Отандастар" қорының қандастарды қолдау департаменті директорының орынбасары:
- Негізінде құжаттандыру жағы бойынша көп хабарласады бізге.Қазір осы азаматтық алу, ықтиярхат алу. Квотаны алу кезінде, құжаттар жинақтау кезінде немесе құжаттарының өтініштерін беріп қойған әлі жауап ала алмай жатырмыз деген сияқты сұрақтармен хабарласады.
Тарихи Отанына оралған қандастарымыздың тез бейімделіп, сіңісіп кетуіне мемлекет барынша жағдай жасап жатыр. Азаматтық алу мерзімі алты айдан үш айға қысқарды. Биыл үй салуына немесе сатып алуына ұтқырлық сертификаты беріле бастады. Оның сыртында жергілікті әкімдіктер де, кәсіпкерлер де көмек-қолдау көрсетуге дайын.
Ринат Мұхаметқалиев, облыс әкімінің орынбасары:
- Рудныйдан алыс емес қасындағы Бейімбет Майлин, Денисов деген аудандар бар. Ол жақтың Денисов ауданының әкімі мысалы айтады мен он үйге дейін сатып алып қоюға дайынмын, егер көшіп келетін адам болса, көшіп келетін қандас болса, өйткені ол жерде 300 орындық мектеп бар, қазақ мектебі.
Осы айда Қостанай облысына қандастарға бөлінетін өңірлік квота 72-ге ұлғайтылды. Оның жартысына жуығы Рудный қаласына бөлінді.
Мағауия Қалиев, Сергей Трахтенберг