Елімізде балалар арасында «Семіздік» белең алып барады
Оның себебі - дұрыс тамақтанбау мен салауатты өмір салтын ұстанбау.
Қысқаша айтқанда – «гиподинамия». Мамандар мұны 21-ші ғасырдың дерті деп отыр. Дүниежүзілік Денсаулық сақтау ұйымының мәліметінше, 2030 жылға қарай 500 мың бала «семіздікке» шалдығуы мүмкін.
Астаналық Әлішер Төлеубайдың жасы 22-де. Бір жыл бұрын зиянды тамақтар мен газдалған сусындарды мөлшерден тыс тұтынып, артық салмаққа душар болған. Оның салдары жүрісінің қиындауына әкеліп соққан. Кейін жұмыс барысымен спорт жаттықтырушысына кезігіп, ақырында салауатты өмір салтын ұстануға бет алыпты. Нәтижесінде 40 келіден астам салмақ тастаған.
Әлішер Төлеубай, қала тұрғыны:
- Алдымен спорт жаттықтырушысына мобилограф ретінде келдім. Әлеуметтік желілеріндегі парақшаларына түрлі видео түсіріп жүрдім. Кейін Айтым Жақыпов бойымдағы артық салмақ пен өзіме деген сенімсіздікті байқап, маған өз көмегін ұсынды. Мен қуана келістім. Қазір салауатты өмір салтын ұстанып келемін.
Қазір жастар арасында «Семіздік» белең алған. Жаттықтырушы Айтым Жақыповтың айтуынша артық сламақтан зардап шегетіндердің қатарында әсіресе жасөспірімдер көп.
Айтым Жақыпов, жаттықтырушы:
- Міне, 10 минут бұрын ғана бір ата-ана 14 жастағы баласын алып келді. Салмағы 120 келі. Одан бөлек басқа қалалардан хабарласады. Баласының салмағы 180 келіге жеткен. Яғни жасөспірімдердің ағзасында гормондық өзгерістер болған кезде,, тамақтануға ерекше мән берілуі керек. Оның не жеп, уақытын қалай өткізіп жүргенін қадағалау қажет. Негізі жасөспірімдер бір орында отырып қалмай, үнемі қозғалыста жүруі тиіс.
Расында қазір жасөспірімдер бір орында отыра беруді әдетке айналдырған. Тіпті 4-5 жас аралығындағы балалар да артық қимыл жасағысы келмейді. Оған себеп – гаджет. Балалар бар бос уақытын телефон алдында өткізуді жөн көреді. Ал оған бақылау жүргізіп жатқан ешкім жоқ. Өткен жылғы статистикаға сүйенсек, балалардың 30 пайызы ғана спорт секцияларына қатысқан. Мұны мамандар,, «гиподинамия» деп атайды.
Алина Жақашева, невропатолог, реабилитолог:
- Гиподинамия дегеніміз – төмен физикалық белсенділік дегенді білдіреді. Оны қоғамда «өркениет ауруы» деп те атайды. Оның нақты диагнозы жоқ. Дегенмен гиподинамия,, түрлі аурудың дамуына,, яғни семіздікке, омыртқаның қисаюы мен көру қабілетінің нашарлауына әкеліп соғуы мүмкін. Сондықтан ата-ана баласының бос уақытын тиімді өткізіп, дұрыс тамақтануын қадағалауы қажет.
Нұркен Бектенов, травматолог-ортопед:
- Күнделікті мысалға 20 бала қаралды десеңіз, соның 7-8-інде майтабан болады. 1-2-де сколиоз болады. оның емі – қимылды ұлғайту. Көп жағдайда оған спорт жатады.
Елдегі артық салмақтан зардап шегетін балалардың саны жылдан жылға артып келеді. Дүниежүзілік Денсаулық сақтау ұйымының мәліметінше,, 2030 жылға қарай 500 мың бала «семіздікке» шалдығуы мүмкін. Мамандар мұны 21-ші ғасырдың дерті деп отыр. Сондықтан әрбір ата-ана ауыр диагноздың алдын алу үшін, балаларының дұрыс тамақтанып, физикалық белсенді болуын назарға алуы керек.
Авторлары: Альмира Оразбай, Ақылбек Есімсейітов