Бағалы металдарды заңсыз сатқан 3 күдікті қамауға алынды

Ақмола облысында және Астана мен Шымкент қалаларында арнайы топ аса ірі көлемдегі бағалы металдардың заңсыз айналымымен айналысқан, деп хабарлайды «Хабар 24».

2019 жылдан бері 5 азамат Бестөбе кентінде қайта өңделген алтынды сатып алып келген. Кейіннен алтын құймалардан жерасты цехтарында зергерлік бұйым жасалып, ол Астана мен Шымкенттегі сауда үйлерінде сатылған. Осы іс бойынша 5 адам күдікті деп танылып, оның үшеуі қамауға алынды.

Әлібек Әбділов, ҚР Қаржылық мониторинг агенттігінің ресми өкілі:

- Олардың қызметін аймақтық прокуратураның үйлестірумен ҚМА Ақмола облысы бойынша департаментінің қызметкерлері әшкереледі. Алтынды заңсыз өндіру, сатып алу, өткізу мен одан есепке алынбаған зергерлік бұйымдарды жасау және оларды сату бойынша барлық схема анықталған. Тінту барысында 35 млн теңгеден астам сомаға 99,5% алтын бар 1 келіден астам алтын құйма және сатуға дайындалған 335 зергерлік бұйымдар тәркіленді. 2021 жылғы қаңтардан 2023 жылғы қазанға дейін күдіктілер арасындағы ақша айналымы 300 млн теңгеден асты.