Қазақстанда «жасыл құрылыс» саны артып келеді
Елімізде "жасыл құрылыс" стандартына сай келетін 100-ден астам нысан бар.
Оның тең жартысы "Omir" ұлттық жүйесі арқылы сертификацияланған. Жасыл технология негізінде салынған ғимараттардың қуат көздерін пайдалану көрсеткіші 20-дан бастап 60 пайызға дейін қысқарады. Бүгінде әлем бойынша энергия тарифінің өсіп жатқанын ескерсек, бұл экономикалық тұрғыда өте тиімді, дейді мамандар. Экологиялық пайдасы да көп. Бірінші кезекте жоғарыда айтылған заманауи нысандардың ішкі ауа айналымы жақсы болады. Осы және өзге де мәселелер Орталық Азиядағы жасыл құрылыс халықаралық конференциясында айтылды.
Айман Шопаева, Қазақстанның жасыл құрылыс жөніндегі кеңесінің техникалық директоры:
- Бұл көбіне шетелде жақсы дамыған. Өйткені құрылыс саласының қоршаған ортаға тигізетін зияны өте көп. Осының салдарын ескеріп, бүкіл дүниежүзінде осындай стандарттар пайда болды. Жасыл құрылыс саласын дамытуға жұмыстар жасалып жатыр бүкіл дүние жүзі бойынша.
Жиынға Әзербайжан, Қырғызстан, Өзбекстан және Ресей мамандары қатысты. Олар әлемдегі жасыл құрылысты жобалаудың қыр-сырын талқылады. Экологиялық материалдарды пайдалану бойынша тиімді инновациялық шешімдер туралы әңгімелесті. "Көміртекті бейтараптық" қағидатын сақтау және жасыл құрылысты ынталандыру саласындағы білімдерімен бөлісіп, өзара тәжірибе алмасты. Шара соңында конференцияға қатысушы елдердің "Жасыл құрылыс жөніндегі кеңес" өкілдері өзара ынтымақтастық туралы көпжақты меморандумға қол қойылды.