Павлодар облысында мүгедектерге арналған әлеуметтік жоба пайда болды
Павлодар облысында мүгедектігі бар азаматтарды қолдауға бағытталған қызмет түрі пайда болды.
«Біз біргеміз» жобасына алғаш болып қатысқан 128 адамға психологиялық, педагогикалық және құқықтық көмек көрсетілген. Жобаның негізгі мақсаты - мұқтаж жандардың әлеуметтік жағдайын жақсартып, қоғамға бейімделуін қамтамасыз ету. Облыс бойынша 3,5 мыңнан астам мүмкіндігі шектеулі жан бар. Оларға қашықтан білім алып, қосымша табыс табуға кедергі жоқ. Бұл жоба өзін-өзі дамытамын деушілерге таптырмас мүмкіндік, дейді ұйымдастырушылар. Себебі қазір екі мыңға жуық қоғамдық бірлестікпен байланыс орнаған. Олар мүмкіндігі шектеулі жандарды қашықтан оқытып, жұмыспен қамтуға көмектеседі.
Мәдина Махметова, "Біз біргеміз" әлеуметтік жобасының үйлестірушісі:
- Мүмкіндігі шектеулі жандардың көбі үйінде отырады. Өздігінен жүріп-тұра алмайтындары бар. Сондықтан біз электронды байланыс арқылы қызмет көрсетеміз. Жобаға қатысушылар үшін ортақ желі құрылған. Сол арқылы бір–бірімен танысады. Қолдау көрсетеді. Қашықтан оқыту нұсқаларын көреді. Министрлік әзірлеген кәсіп таңдау атласымен танысады.
Алина Вязова, психолог:
- Біз мұны мүмкіндігі шектеулі жандар үшін ғана емес жалпы қоғам үшін жұмыс істейтін ғаламдық желі деп айта аламыз. Өкінішке қарай біздің қоғам мүгедектерді көп жағдайда қабылдамайды. Бәріне тең көзқарас болғанын қалаймын. Мүмкіндігі шектеулі болғанымен білімді, заң жүзінен сауатты өз ойын ашық жеткізетіндер арамызда көп.