Тарихи жәдігерлер реконструкциядан өтті
Бірнеше жылға созылған археологиялық қазба жұмыстары кезінде табылған «Шірік-Рабат сақ жауынгері» мен «Сығанақ ханшайымының» реконструкциясы жасалып, жұрт назарына ұсынылды.
«Мәдени мұра» бағдарламасы аясында табылған сүйектер отандық археологтар мен, Өзбекстан және Татарстан ғалымдары қайта қалпына келтірді. Әскер-басының киімінде 2388 алтын жапсырма бар. Жанына алтын жалатылған 7 жебенің ұшы мен, тас моншақтар және қыш құмыра-көнектер қойылған. Ал ақсүйек әйелдің қаңқасы маңынан, алтын сырға, бойтұмар, тамшы түріндегі түймелер табылды. Ұлы дала көшпенділерінің мәдени-рухани һәм тарихи мұраларын өскелең ұрпаққа насихаттау мақсатында олар өңірлік өлкетану музейіне қойылды.
Жолдасбек Құрманқұлов, археолог-ғалым:
- Шындық түрінде жасалды деп айтуға болады. Тіпті матаның өзі де сол ескерткіш ішінен табылған маталар. Сол матамен жасадық, барлығы түпнұсқа. Бұл бір ғана өзі емес қасында 2 қызметшісі болған. 1 әйел, 1 еркек. Сонда оларды о дүниеге барғанда да қызмет жасау үшін 2 кісіні бірге аттандырған.
Әзілхан Тәжекеев, археология және этнография ғылыми орталығының жетекшісі:
- Тағы да бір жасаған ерекше жұмысымыз бұл – әйел адамның бас сүйегіне қарап отырып, антропологиялық кейпі, бейнесі қалпына келтірілді. Соның негізінде бас мүсіні жасалынды. Соған қарап біз Сығанақтағы 25 жас шамасындағы әйел адамның түр-әлпеті, киім үлгісінің қандай болғанын білеміз. Енді бұл бас киім негізі Шыңғыс ұрпақтарының тұрмысқа шыққан әйелдерінің киімі.