Каңтар оқиғасы: Бизнеске көмек

Алматыда қаңтар оқиғасынан соң «Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлер палатасының сенім телефонына 2 мыңнан астам қоңырау түскен.

Бизнес өкілдері тәртіпсіздік кезінде зардап шеккенін хабарлаған. Солардың қатарында гүл сатумен айналысатын, компания басшысы Светлана Ушакова да болды. Оның тауары сол күні әуежайда қалып қойған. Жұмысшылар шетелден келген тауарды ала алмаған. Сөйтіп, гүлі солып, шығынға батады.

Светлана Ушакованың айтуынша гүлдер, топыраққа отырғызылған өсімдік түрлері тез бұзылатын тауарға жатады. Оны қалыпты температурада ұстау керек. Компания гүлді Кениядан алдырған. Тауар Алматыға қаңтардың басында келген. Бірақ оны алып кетуге барған Ербол Мәмбетов әуежайға кіре алмай қайта қайтқан. Тәртіпсіздіктің кесірінен ұшақтан түсірілген тауар ұшу алаңында қалған. Тек бірнеше күннен соң қоймаға жеткізіліпті.

Ербол Мәмбетов, компания жұмысшысы:

- Кения мемлекетінен келген 50-дей коробка. Хризантема болды и астермерия деген гүл болды и роза деген гүл болды. Бір коробканың ішінде ең аз дегенде 200-300, кейбір коробкада 400 штуктан роза бар. Хризантема 200-ден болады әр коробкада. Общий 50 коробка. Мен өзім барып мусорға тастадым.

Компания құрылтайшысы Светлана Ушакованың айтуынша, ол мұндай жағдайға 35 жылда алғаш рет тап болған. «Пандемиядан кейін енді аяқтан тұра бастаған кезде, қаңтар оқиғасы бизнеске соққы болып тиді»,-дейді. Үсіген гүл ешнәрсега жарамай 5 млн теңге шығынға батады. Дегенмен, оның орнын мемлекет толтырып берген. 

Светлана Ушакова, кәсіпкер:

- Бас кезінде ешкім ештеңе білмеді. Бәріміз түсініксіз жағдайда отырып қалдық. Арықарай не істейміз? Ісімізді қалай жүргіземіз, деп дал болдық. Содан кейін әкімдіктен хабар түсті. Атамекен палатасында арнайы бөлім ашылды. Бәрі жылдам қимылдады. Құжаттарды 3-4 аптаның ішінде жинап, тапсырдық. Содан кейін шығынымызды өтеп берді.

Ия, үкіметтің тапсырмасымен шағын және орта бизнеске келтірілген залалды өтеу үшін арнайы комиссия құрылды. Оның құрамына қоғамдық ұйым өкілдері де кірді. 

Нариман Ибрагимов, кәсіпкерлер палатасының өнеркәсіпті дамыту жөніндегі басқарушы директоры:

- Кәсіпкерлер қаланың қай аумағында көп зардап шекті? Нақты кімдерге көмек керек?  InfoKazakhstan.kz сайтында өтініштерді қабылдадық. Оның бәрін комиссия қарап,өздерінің шешімін шығарды. Содан кейін ғана зардап шеккен бизнес иелеріне қаражатты аударуға рұқсат берді.

«Орталықта орналасқан шағын және орта бизнес нысандары ең көп зардап шекті», - дейді Нариман Ибрагимов. Оның кейбірі 1-2 айда қайта қалпына келтірілді. Ал тағы біразына бизнесті толық жүргізу үшін жарты жылдай уақыт қажет болды.

Авторлары: Қарлығаш Қайыпбекова, Мұхит Құдықбаев