Ақтөбедегі «Зеленая долина» тұрғындары хостелдің ашылуына қарсы
Ақтөбедегі «Зеленая долина» кешені тұрғындары үй іргесінен хостелдің ашылуына қарсылық білдіріп отыр.
Айтуларынша, баспананың ту сыртындағы кеңсеге арналған бөлмелерді меншік иесі қонақ қабылдауға лайықтамақ. Салдарынан, көпқабатты ғимараттың коммуналдық желісіне қосымша жүк болып, тіпті пәтерлерге қауіп төнуі де мүмкін, дейді.
Ақтөбедегі «Зеленая долина» кешені тұрғындары үй іргесінен хостелдің ашылуына қарсылық білдіріп отыр. Айтуларынша, баспананың ту сыртындағы кеңсеге арналған бөлмелерді меншік иесі қонақ қабылдауға лайықтамақ. Салдарынан, көпқабатты ғимараттың коммуналдық желісіне қосымша жүк болып, тіпті пәтерлерге қауіп төнуі де мүмкін, дейді. Мәселенің мән-жайын тілшіміз Мансұр Ескожин біліп қайтты.
Белсенді топтың құзырлы мекемелердің табалдырығын тоздырып жүргеніне жарты жылға жуықтаған. Олар ауласы кең, пәтері санаулы үйде көрінген адам тоқтайтын жатақхананың болатынына наразы. Қазір ғимараттың бір бөлігінде жөндеу жұмыстары жүріп жатыр.
Қайролла Тоғызбаев, кешен тұрғыны:
- 4-корпустасалынған. Ол жерде 12 квартира етіп салынған. Енді мына тәбеттері ашылып, мында 27 квартира, ана жерге 18 квартирашығарып жатыр. Болашақта не болатынын білеміз. Бұл деген жаман жер болайын дептұр. Жаман үймелейтін жерлер бұл деген. Халық қарсы. Оны бірақ халықтыңайтқанын тыңдап жатқан жоқ.
Тұрғындар үй іргесінде хостел ашылса, кешеннің коммуналдық желілеріне де қосымша жүктеме болатынын айтып отыр. Қазірдің өзінде де кәріз жүйесі мен электр желісі жиі істен шығады.
Мұхаммедәли Лепесов, пәтер иелері кооперативінің төрағасы:
- Нагрузка көтере алмайтын болғасын, жарық, канализация көтере алмайды. Мұздай су да бұл жерде қысымы өте төмен келеді. Соның барлығын түсіндіріп айттық. Осы жерде жиналыс болды. Өзі қатысты. Хостел жасайтынын білгеннен кейін 122 адам жиналыста протоколын қолына бердік қарсымыз деп.
Татьяна Волобоева, кешен тұрғыны:
- Біздің кешеннің екі ғимаратында 36 пәтер бар. Меншік иесі бір подъездің өзінде 27 пәтер жасап қоймақшы. Қауіпсіздік ережесі тіптен ескерілмей тұр. Жылу қазандықтарын орнатуға рұқсат алмаған. Бірақ соған қарамастан мың шаршы метрді жылытатын қазандықтар әкеліп орнатып қойды. Мұржасын ешқандай қоршаусыз, аулаға шығарған. Мұның бәріне тұрғындар келісім берген жоқ.
Мемлекеттік сәулет-құрылыс бақылау басқармасы мамандары меншік иесінің әрекетінде ешқандай заңбұзушылық жоқ деп отыр. Тұрғындардың арызы негізінде жоспардан тыс тексеру де тағайындалған.
Қуаныш Акиев, облыстық мемлекеттік сәулет-құрылыс бақылау басқармасының бас маманы:
- Тексеріс барысында тұрғын үй емес жайлардың ішінде оқшаулау тірек конструкцияларын өзгертпей жұмыстар жасалған. Инженерлік желілер, коммуникациялары қозғалмаған. Сол себепті бұл біздің басқарманың тексеру құзыретіне кірмейтіндігі анықталды.
Тұрғын үй емес жай саналатын нысанның мәртебесін өзгерту үшін қалалық сәулет бөлімінің рұқсаты болуы тиіс. Алайда құзырлы мекемеге мұндай өтініш түспеген. Тұрғындар бұл талап елеусіз қалады деп алаңдаулы. Мәселені ғимарат иесінен анықтауды сәті болмады. Есікті тарс жауып, қоңырауымызға жауап бермеді. Құзырлы орган өкілдері кеңсе бөлмелері заңсыз жолмен тұрғын үй немесе хостелге айналса айыппұл салынады деп сендірді.
Авторлары: Мансұр Есқожин, Айнадин Молдабеков