Астанадағы хостелдер тексеріледі
Астанадағы хостелдер тексерістен өтеді.
Өйткені жалға берілетін үй-жайлардың ішінде қауіпсіздік ережелерін өрескел бұзып отырғандар бар. Құзырлы орган өкілдері бизнес иелерінің өрт қауіпсіздік ережелерін ескермейтіндігін айтуда. Жертөленің ішінде хостел ашып, адам өмірін қауіпке тігіп отырған кәсіпкерлер де бар.
- Устройство в цокольных помещениях запрещено. Строительными нормами не предусмотрено.
Бұл Астанадағы тұрғын үйдің жертөлесінде бес жыл бойы жұмыс істеп келе жатқан хостел. Бағасы арзан болғандықтан бұл жерді паналап келетіндердің қарасы көп. Аядай бөлмелердің терезесі жоқ, ауасы тар, дәлізі азынап тұр.
Нұрсұлтан Жүнісбеков, хостел тұрғыны:
- Енді сол бағасы қолайлы болғаннан кейін күніне 1200 теңге төлейміз. Такси болып істеймін, азанда шығам, осында кешкісін келем, жатамыз, кетеміз, болды.
Хостелдің ішінде 80 жатын орын бар. Бұл жерді паналайтындардың көбі жастар. Бірақ мұндай үй-жайларда заң талаптары өрескел бұзылған. Санитарлық ережелер бойынша хостелдерді үйдің жертөлесінде орналастыруға тыйым салынған. Қауіпсіздік талаптары атымен жоқ.
Мадияр Мырзагелдиев, Астана қаласы ТЖД Мемлекеттік өрт бақылау басқармасы бастығының м.а:
- Жертөледе хостел орналасқан. Адамдар тұрып жатыр. Шығу жолдары жабық. Нәтижесін біз қала әкімдігіне, прокуратураға жібереміз. Құрылыс талаптары мен өрт қауіпсіздігі ережелерін сақтау керек.
Депутаттар елдегі барлық хостелге аудит жасау керектігін айтады. Өйткені панажайлардың көбі тұрғын үйлердің техникалық қабатында немесе жертөлелерде орналасқан. Ал жауапты органдардың тексеру жүргізуге құзыреті шектеулі.
Ерлан Саиров, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты:
- Заңнан өрт сөндіру қызметінің барлық бақылау функциялары алынып тасталған. Бүнінгі таңда тұрғын үй салған кезде, сонымен бірге ғимараттар салған кезде, өрт сөндіру қызметінің бірде-бір шешім қабылдау функциясы жоқ. Бұл елдегі қанша адамның өмірі мен денсаулығына қауіп. Сондықтан бүгінгі таңда өрт сөндіру қызметінің құзыретін арттыру керек.
Бір ғана Астананың өзінде 80-ге жуық хостел тіркелген. Бірақ бұл ресми дерек қана. Қоймалар мен жертөлелерді жалдап, астыртын жұмыс жасап жатқан кәсіпкерлер де бар. Құзырлы органдар мұндай заңсыз үй-жайларды анықтап, нәтижесін қалалық әкімдік мен прокуратураға ұсынбақ.