Шымкентте Қаңтар оқиғасында шығынға ұшыраған кәсіпкерлердің шығыны өтелді

Шымкентте былтыр Қаңтар оқиғасында жаппай тәртіпсіздіктен шығынға ұшыраған кәсіпкерлер шаруаларын қайта дөңгелетіп отыр.

Залалды бағалау мен өтеу жөніндегі комиссияға өтініш бергендер мемлекеттік қолдаудың шарапатын сезінді. Оларға 116 миллионнан аса теңге бөлініп, келтірілген шығын толық өтелді.

Қаңтар оқиғасы кезінде қаладағы сауда орталықтарының біріне 9,5 миллион теңге залал келтірілді. Киім-кешек пен ұялы телефон бұйымдары қолды болды. Есік-терезелер шағылып, сауда сөрелері қиратылды. Мемлекет компанияның шығынын толық өтеді. Бизнес иелеріне қолдау көрсетіліп, аз уақытта жұмысы қайта жанданды. 

Светлана Андреева, әкімші:

- Әкімдікке өтініш жаздық. Ондағы мамандар мәселемізге назар аударып, шығынды өтеуге көмектесті. Әрине көбінесе қарапайым бизнес өкілдері зардап шекті.

Жаппай тәртіпсіздік кезінде тамақтану орындары мен азық-түлік дүкендері тоналды. Коммуналдық мекеменің жүк көліктері мен тасымалдаушы компанияның төрт бірдей автобусы өртенді. Үкіметтің тапсырмасымен құрылған арнайы комиссия шағын және орта бизнеске келтірілген шығынды есептеп, кәсіпкерлерді қолдауға 116 миллионнан аса теңге бөлінді.

Үсен Исаев, кәсіпкерлік және индустриалды-инновациялық даму басқармасы басшысының орынбасары:

- Қала әкімдігі тарапынан аудиторлық компания, смета жасайтын компаниялар анықталып, олардың қызметі тегін ұсынылды. Жалпы 20 кәсіпкер, бірақ 17 кәсіпкердің шығыны өтелді. Себебі екі кәсіпкердің құжаты толық болмады. Шығындарын растай алмады. Жергілікті бюджеттің резерві болады. Осындай жағдайлар болса, сол бюджеттен бөлінеді.

Залалдың басым бөлігі мемлекеттік мекемелерге келтірілді. Қалалық әкімдік пен Түркістан сарайы, театр мен балалар кітапханасы да бүлініп, халықтың рухани, мәдени ошақтары отқа оранды. Ал түрлі деңгейде іс-шара өткізуге арналған мың адамдық көрме орталығы жарамсыз деп танылды. Нысан 7 айдың ішінде толық жөнделіп, ел игілігіне қайта берілді. 

Зухра Қарабекова, "Көрме" орталығының директоры:

- Көрме орталығындағы зардаптан шығын сомасын сол уақытта бірден анықтап, тиісті мекемелерге жолдап, тез арада атқарылған істердің нәтижесінде 978 миллион ақша бөлінді. Қаңқасы деп айтады ғой. Сол қалған болатын. Қазіргі кезде заманауи үлгіде негізделіп, күндіз-түні жасалды жұмыс.

Қаңтар оқиғасы кезінде бұқараға басу айтып, бүлікшілерді бейбіт шеруге шақырғандардың бірі - Ғалымжан Майқанов. Ауған соғысы ардагерінің пайымынша «Митинг - бітімгершілікпен аяқталғанда ғана береке орнайды».

Ғалымжан Майқанов, қалалық Ауған соғысы ардагерлері одағының төрағасы:

- Ғимараттардың бәрі халықтыкі. Оны дұрыс түсіну керек. Өкіметтікі дейді. Өкімет кімнен тұрады!? Өкімет халықтан тұрады. Мектептер салуға болады, балабақшалар салуға болады. Соған жұмсалатын ақшаларды алып, осы қираған ғимараттарды орнына келтірді ғой. Қаншама қаражат кетіп қалды бекерге.

Ғалымжан Майқанов сияқты қауіп-қатерге толы күндерде қоғам тыныштығын қамтамасыз етуге ат салысқан азаматтар аз болған жоқ. Белсенді топ тәртіп сақшыларын қолдап, штаб жұмысын жүйелеуге көмектесті. Блок бекеттерге барып әскерилерге ыстық тамақ үлестірді.

Авторлары: Нұрсұлтан Мұхамеджан, Нұрмахан Бекмұратов