Алматыда Yandex Cup халықаралық чемпионаты өтті
Алматыда бағдарламалау саласындағы ең ірі және беделді жарыстардың бірі –Yandex Cup чемпионатының финалы өтті.
14 жылдық тарихы бар бағдарламашылар бәйгесіне 70 елден 16 000-нан астам адам қатысқан. Іріктеуден өткендер Алматыда кездесіп, жарыс жүлдесін сарапқа салды. Yandex Cup чемпионатының жүлде қоры 38 миллион теңге.
«Бағдарламашылар - бүгінгі заманның сұранысы сұранысы жоғары саласы. Сондықтан IT-индустрияны дамыту еліміздегі басты бағыттың бірі», - дейді ұйымдастырушылар. Yandex Cup чемпионатының финалына 16 елден 120 адам жолдама алған. Бағдарламашылар 6 бағыт бойынша бақ сынады.
Данияр Танаев, Yandex Орталық Азиядағы сату кеңсесінің жетекшісі:
- Финалдық жарысқа өте алмаған қазақстандық қатысушыларды да шақырдық. Осында келіп, жарысты көріп өздеріне тәжірибе жинайды. Бұл сайыстан бөлек қатысушылар өзара тәжірибе алмасады. Осылайша бағдарламашылар шетелдік әріптестерімен бірлесе жұмыс істеуге мүмкіндік алады.
Әр сала бойынша тапсырманы жылдам әрі нәтижелі орындағандар жеңімпаз атанды. Қатысушылар үшін 4 сағат уақыт берілді. Жүлделі орындар 9 елдің бағдарламашыларына бұйырды. Үздіктердің қатарында отандасымыз да бар.
Батыр Садыбеков, турнирге қатысушы:
- Мен Yandex Cup финалына Қазақстанның атынан қатысқаныма өте қуаныштымын. Өз күшімізді нығайтып, шеберлігімізді көрсетуге мүмкіндік бергені үшін ұйымдастырушыларға рақмет. Жарыс қиын болды, тапсырмалар оңай емес, бәсекелестер де мықты. Мен финалға өтіп, 4-ші жүлделі орынға ие болғаныма қуаныштымын.
Елімізде 2025 жылға дейін Yandex Cup сынды заманауи жарыстар арқылы 100 мыңнан аса білікті IT маманын даярлау жоспарда бар. Марапаттау соңында Яндекс Қазақстан мен Qazaq indie әртістері бірлесе ұйымдастырған «Ұлы дала коды» атты музыкалық кеш өтті. Мақсаты – чемпионатқа қатысушыларды қазақ елінің мәдени мұрасымен таныстыру.
Авторлары: Аршын Кемелжан, Мұхит Құдықбаев