Димаш Құдайберген халықаралық марапатқа ие болды
Еліміздің мақтанышы Димаш Құдайберген Сербиядағы «Ағайынды Карич Қоры» деп аталатын мәртебелі марапатқа ие болды.
Сыйлық Димашқа мәдениет саласындағы үздік жетістіктері үшін берілген. Марапаттау рәсімі Сербия астанасы Белградтағы Ұлттық театрда өтті. Бұл бір жағынан, қазақ елінен шыққан таланттың өнерін бағалау болса, екінші жағынан Қазақстан мен Сербия арасындағы ынтымақтастықты нығайтуға жасалған қадам. Димаш Құдайберген өз кезегінде, ұлттық қор өкілдеріне алғыс білдіріп, көрермендер алдында ән шырқады.
Айта кетейік, бұл марапат жыл сайын әлемнің түкпір-түкіпіріндегі талантты жандарға табысталады. Осыған дейін 150-ден астам өнерпаз осы сыйлыққа ие болған.
Димаш Құдайберген, Қазақстанның халық артисі:
- Сіздерге үлкен, үлкен рақмет осынау үлкен әлемдегі өзінің орнын алған адамдардың алатын үлкен марапатына ие болу - мен үшін үлкен бақыт және де алдағы уақытта сіздерді шығармашылығыммен, адамзатқа деген сүйіспеншілігіммен, барлық халықтарға деген құрметіммен сіздердің көңілдеріңізден шыға берейік деген ойым бар. Ел аман, жұрт тыныш болсын! Әлемде бейбітшілік болсын! Рақмет!