Телережиссерлер тәжірибе алмасты
Қазақ пен түрік телережиссёрлері тәжірибе алмасып, кәсіби біліктілігін шыңдады.
«Хабар» агенттігі мен «TRT Haber» телеаранасы арасындағы меморандум аясында бауырлас елдің медиа майталманы Қазмедиаға келді. Жылдам жаңалық һәм айшықты ақпарат берудің тың тәсілдері талқыланды.
Бұл Түркиядан келген телережиссер - Эмрах Алпарслан Конукман. «TRT Haber» арнасының бағдарламалар бөлімін басқарып отыр. Медианың жай жапсарына қанық маман «заман озған сайын телевизия саласы да тез дамып келеді», - дейді. Ақпарат беру стилі күн сайын жаңарып отыр. Осы тәжірибе алмасу қос тарапқа да пайдалы.
Эмрах Алпарслан Конукман, «TRT Haber» телеарнасының бағдарламалар бөлімінің директоры:
- Қазақстанға қош келдік. Бауырлас мемлекеттің қонақжайлығына ризамын. Бұл жолғы сапар мен үшін маңызды. Екі елдің ақпарат тарату саласының мамандары тәжірибе алмасудамыз. Бір-бірімізден үйренеріміз көп. Мәселен, мына біз тұрған студия соңғы үлгідегі техникалармен жабдықталған екен. Бұл мені қызықтырды.
Әу баста меморандум арқылы қос телеарнаның әріптестігін нығайту көзделген. Екі тарап үздік жобалармен бөлісіп жатыр. Көпке ашпайтын саладағы құпияларымен де бөлісті. Мәселен, апта басында Эмрах Алпарслан Конукман біздің режиссерлерге декорацияны дұрыс пайдалану бойынша кеңес берді.
Тоғжан Науатқызы, «Хабар 24» телеарнасының режиссері:
- Арнайы шығарылымдарды қалай жасауға болады, оны қандай мағынасына қарап жасауға болады және кішкентай адамдардың көздеріне ілінбейтін дүниелерден жақсы мағлұмат, елдер елей бермейтін дүниеден жақсы мағлұмат шығаруға, үлкен ізденістің артында жақсы туындыны шығаруды қалай жасалатын жолдарды үйрендік.
Медиа саласы үздіксіз ізденісті талап етеді. Бауырлас елмен саладағы серіктестік ақпарат беру ісіне серпіліс берері анық. Бұл «Хабар 24» арнасынан шығатын материалдардың сапасын одан әрі жақсартатыны да сөзсіз.
Авторлары: Шернияз Жағасбекұлы, Бағдат Қайыркен