Қаңтар оқиғасы кезінде зардап шеккен алматылық кәсіпкерлерге өтемақы төленді
Қаңтар оқиғасы кезінде зардап шеккен алматылық кәсіпкерлерге 16 миллиард теңгеден астам өтемақы төленді.
Бұзақылар бизнес нысандарын қиратып, сауда орталықтарын, қоғамдық тамақтандыру орындарын, банктерді, ақша айырбастау пункттері мен ломбардтарды тонап кеткен. Кәсіпкер Гүлзара Рахымжанованың дүкені де соның қатарында болды. Оның телефонында сол кездегі түсірілім әлі сақтаулы тұр. Ол «осыдан екі жыл бұрын болған оқиға әлі күнге дейін көз алдымда», - дейді.
«Сөрелер сынып, киім –кешек шашылып жатты. Қалған тауардың өзі іске алғысыз болып қалған. Бәрін таптап тастаған. Шындап келгенде дүкеннің қабырғасынан басқа ештеңе қалмады. Әдетте жаңа жылдық мерекелерден кейін
Кәсіпкерлер алдыға үлкен жоспар қойып, жұмысқа кірісетін. Қаңтар оқиғасынан кейін тіпті не ойлап, не істерімізді білмей қалдық»,- деп еске алады Гүлзара Рахымжанова.
Гүлзара Рахымжанова, кәсіпкер:
- Біздің дүкен екінші қабатта орналасқан. Әйнектері түгелдей сынып жатты. Біз киім-кешекпен қоса жолсөмкесін де сатамыз. Сенесіз бе мұнда бірде-бір сөмке қалмапты. Ішіне зат салып бәрін алып кетіпті. Жанымыздағы сауда нүктелерін де дәл солай тонап кеткен. Бұл жерде тек қана ескі киімдер жатты. Осындағы дүкеннен алған жаңа киімдерін үстеріне киіп, ескісін шешіп қалдырып кеткен.
Кәсіпкер 15 жылдан астам уақыт бойы ерлер киімін сатады. Ол осы уақыт ішінде Түркия мен Бейжіңдегі тоқыма фабрикаларымен тікелей байланыс орнатқан. Қалада 4 дүкені бар. Бұзақылар соның екеуін қиратып, ішіндегі мүлкін көтеріп кеткен. Осылайша 25 миллион теңге шығынға батады.
Гүлзара Рахымжанова, кәсіпкер:
- Сауда орталығы сөрелерді қайта қойып берді. Мұның өзі бізге үлкен көмек болды. Өзіміз де қарап отырмай жөндеу жұмыстарын жүргіздік. Қанша дегенмен біз осы жерде кәсіп жасап, отбасымызды асырап отырмыз. Өтемақыны алған соң ақырындап ісімізді қайта бастадық. Тауарға қайта тапсырыс беру, жұмысшылардың еңбекақысын төлеу, осының бәрі оңай болмады.
Бір ғана Алматының өзінде 1600-ден астам кәсіпкер зардап шекті. Қаңтар оқиғасынан кейін бизнеске дер кезінде көмек көрсету басым бағыттардың біріне айналды. Бизнес иелері тек қаржылық жағынан ғана емес, психологиялық қолдауға да мұқтаж болды.
Нариман Ибрагимов, кәсіпкерлер палатасының өнеркәсіпті дамыту жөніндегі басқарушы директоры:
- Шығын ұлттық компаниялар мен қорлардың есебінен қалыпқа келтірілді. Олар көмек ретінде қаржы аударғанын бәріңіз де жақсы білесіздер. Сонымен қатар, қордан, республикалық бюджеттен ақша бөлінді. Бизнес коронавирус індетінен кейін енді ғана аяқтан тұра бастаған еді. Ал қаңтар оқиғасы тіптен тұралатып кетті. Бірақ мемлекет тарапынан дер кезінде қаржылай көмек көрсетілді. Сөйтіп тез арада бизнесті қалпына келтіруге мүмкіндік жасалды.
Гүлзара Рахымжанова қаңтар оқиғасынан соң 2 айдан кейін қираған дүкендердегі жұмысын қайта бастады. Ал кәсібін толық қалпына келтіру үшін бір жылдай уақыт қажет болды,-дейді.
Авторлары: Қарлығаш Қайыпбекова, Валентин Лобанов