Екібастұзда «Қолдау» инклюзивті жобасы іске аса бастады
Бұл мүмкіндігі шектеулі балаларды қосымша біліммен қамтуға арналған тың бастама.
Қазір жүзге тарта жеткіншек қосымша білім беру мекемелері жанындағы үйірмелерге барып жүр.
Бұл аутизм дертіне шалдыққан балалар. Жүйке жүйесіндегі ауытқушылық салдарынан айналасына бейқам қарайды. Бірақ ата –ана үмітін үзбейді. Қоғамға бейімдеуге тырысады. Жарға өрмелеу спортымен айналысып жүрген жеті жасар Мәліктің бойынан оң өзгерістер байқалған.
Айнұр Меңелханова, қала тұрғыны:
- Осында келгелі балам ашылып, жаңа ортаға бейімделе бастады. Жаңа ғана қабырғаға өрмелеп жатып «көмектесіңдер» деп айтқанын естіп қуанып кеттім. Ол ешқашан анық сөйлеген емес. Логопедке де барамыз, біз өте қуаныштымыз. Бұл үлкен өзгеріс. Бұрын біз ешқайда бармайтынбыз. Біз үшін ештеңе болған жоқ. Ата-аналардың көзі ашылып, балалармен бірге дамып жатыр.
«Қолдау» жобасы аясында мүмкіндігі шектеулі балалар музыкалық мектепке барады. Спортпен айналысады. Түрлі үйірмеге қатысады.
Екатерина Асанова, мұғалім:
- Менің тобымда он аутист бар. Бұл бағдарлама қыркүйектен басталды. Сол кезден бері осы бүлдіршіндермен айналысып жатырмыз. Арасында жеке оқуды қажет ететіндері бар. Оларға сабақты ата-аналардың қатысуымен өткіземіз.
Дана Құмарбекова, "Қайнар" білім беру және бос уақытты қамту орталығының меңгерушісі:
- Бұл үйірмелер осы санаттағы балалардың қызығушылықтары мен қабілеттерін дамытуға мүмкіндік береді. Қазіргі таңда инклюзивті оқушылардың саны «Қайнар» кешенінде - 52, Балалар шығармашылық мектебінде - 18, Балалар музыкалық мектебінде. Сонымен қатар бірінші желтоқсаннан бастап -12 аутизмі бар балалар Қайнар кешенінің туристік клубының сабақтарына қатысып жатыр.
Екібастұз әкімдігі жанынан құрылған «Қолдау» инклюзивті қосымша білім беру жобасының елімізде әлі баламасы жоқ. Жоба алты жастан бастап, он сегіз жасқа дейінгі тоқсан бір баланы қамтып отыр. Соңғы жылдары мүгедектігі бар бала саны артқан. Сол себепті ата-аналар мұндай орталықтың санын көбейту керек екенін айтады.
Қарлығаш Қасиетова, Дәулет Қошқарбаев, Марат Игіліков