Ақтауда бірнеше шағын аудан жылусыз қалды
Ақтауда құбыр жарылып, бірнеше шағын аудан жылусыз қалды.
Қаладағы магистральдық жылу жүйесінің 72 пайызы тозып тұр.
Құбырдың бір жерін жамаса, екінші тұсынан су ағады. Жер аяғы кеңімей жөндеу жүргізу де қиын.
Ақау шыққан жылу құбырының 40 жылдан бері ауыстырылмаған. Ескірген құбырлар жоғары қысыммен берілетін жылуға шыдас берер емес. Сол себепті қалада күніне 5-6 рет құбыр жарылады. Апатты жағдайда ажыратылған соң он алты шағын аудан күні бойына жылусыз және ыстық сусыз қалды. Бұл жолы жөндеу жұмыстары түнде аяқталып, 9 метр құбыр ауыстырылған.
Ислям Үсенов, «Каспий жылу, су арнасы» МКК басшысының орынбасары:
- Магистральдық жылу желісі жер астында. Бір жері жарылса су жер бетінен шыққанда немесе құбырдағы қысымның төмендеуінен білеміз. Авария тек жылу ғана емес, кәріз және ауыз және техникалық су құбырында күн сайын тіркеледі. Қала бойынша 8 бригада жұмыс істейді. Жалпы, ұжымда 500-ден аса қызметкер бар. Соның 300-і инженерлік желілердің жай-күйін бақылайды.
Тозған құбырды қыс ішінде айырбастап шығу оңай емес. Қаржы да керек. Ақтау билігі жер аяғы кеңіген соң магистральды желіні жаңалау бойынша 19 жобаны жүзеге асырмақ.
Сергей Агафонов «Қазақстандық энергия жабдықтаушы ұйымдар қауымдастығы» төрағасы:
- Қазіргі болып жатқан жағдай тек қана жыртықты жамау десек болады. Бұл кем-кетіктер жүйесіздіктен. Біздегі қауіпті ЖЭО емес, нағыз қауіпті жылу жүйесіндегі апаттар тудырып тұр. Ол жақтағы жағдай тіптен қиын. Жүздеген километрді құрайтын қалалық жылу жүйелері жер астында орналасқан.
Бір ғана Маңғыстау облысы ғана емес. Біраз қаладағы жағдай бұл. Осыған байланысты Атырау, Қарағанды, Павлодар, Маңғыстау облыстарының әкімдері аймақ тұрғындарын жылумен және сумен қамтамасыз ету мәселесі бойынша президентке есеп берді. Президент апат болған учаскелердегі жағдайды шұғыл реттеп, халықты жылумен және сумен қамту ісін тез арада қалпына келтіруді және барлық елді мекендегі коммуналдық желілердің үздіксіз жұмысын жолға қоюды міндеттеді.
Авторы: Әлішер Әли