Ақтауда әскери бөлімдер дайындығы пысықталды

Ақтауда әскери бөлімдер мен әртекті кемелер дивизионы жауынгерлік әзірліктің ең жоғары деңгейінде жаттығу өткізді.

Көзделген мақсат - командирлер мен штабтардың ұрысқа мейлінше жақын жағдайда ұрысқа әзірлігін пысықтау. Ауқымды шараға бес мыңға жуық әскери қызметші, корабльдер, броньды техникалар және майдан авиациясы қатысты.

Еліміздің жауынгерлік кемелері Ақтау теңіз портындағы әскери айлақта зәкірде тұр. Жаттығу бағдарламасы бойынша таңғы 5-те дабыл қағылды. Матростар дереу киініп, қару асынды. Әрқайсына палубада атыс нүктелері бекітілген. Теңізшілердің ұрысқа мейлінше жылдам дайын болуын офицерлер бақылайды.

Игорь Губернатор, "Орал" зымыранды-артиллериялық кемесінің матросы:

- Бізге бекітілген атыс нүктесінде тұрып, аумақты күзетуге кірістік. Жағдайды әр 5 минут сайын командирге рация арқылы баяндап тұру міндеті жүктелді. Мұндай жаттығулар нағыз теңізші болуымызға септігін тигізері анық. Бір жыл әскери қызмет аяқталған соң мерзімді әскери қызметші болуды армандаймын.

Жауынгерлік дабыл бір мезетте теңіз жаяу әскерлерінің бригадасында қағылды. Сарбаздар жылдам сапқа тұрғызылды. Бөлім командирі бұйрық берген бойда қару-жарақ пен азық-түлік тиелген әскери көліктер колоннасы жолға шықты. Оқу-жаттығу кезінде бөлімше жеке құрамының қауіпсіздігі мен ауа-райына сәйкес киімде болуы ерекше назарда ұсталады.

Ильяс Бейбітов №25744 әскери бөлімі киім-кешек қызметінің бастығы:

- №25744 әскери бөлімі жеке құрамының білімі мен біліктілігін арттыру мақсатында киім-кезек, азық-түлік қоймасында ұзақ сақталуға арналған мүліктерді тиеу және түсіру жұмыстары жүргізілді. Әскери бөлімнің жеке құрамы барлық тапсырмаларды орындап, жауынгерлік әзірлікке дайын.

Ақтаудағы әскери теңіз базасының жеке құрамы да жауынгерлік дабылмен аяққа тік тұрды. Казармада жас сарбаздар бес қаруын асынып, шұғыл жорыққа тас-түйін әзірлігін көрсетті. Осылайша, құрлық пен теңізді қамтыған жаттығуда Ақтау гарнизонының әскери бөлімдері мен жауынгерлік флот өзіне жүктелген тапсырманы мүлтіксіз атқарды.

Авторлары: Талғат Исламұлы, Ренат Досалиев