СҚО-да 6 ауыл қаңырап тұр

Біраз ауылды картадан таппай қалуыңыз мүмкін.

Дені шалғайдағы елді мекендер. Солтүстік Қазақстан облысында 2017-2019 жылдары аралығында 33 елді мекен жабылған. Қазір аймақта 6 ауыл қаңырап тұр.

Қайтпек керек? Жергілікті билік оңтүстік өңір мен шетелдегі ағайын көшіп келер деп үміттенеді. Ал олар келгенше осындағы жұрт қарап отыра ма? Жастар болса да болмаса да қалаға қашады.

Болашағы бұлыңғыр деп танылған елді мекендердің бірі – Балуан ауылы. Бір кездері мұнда жүзден астам шаңырақ түтін түтеткен. Кітапхана, медициналық бекет, мәдениет ошағымен бірнеше мал шаруашылығы кешені болған еді. Тұрғындар шартты жер үлесінен айырылған соң, айрандай ұйып отырған ауылдың берекесі қашты. Үш жыл бұрын 360 балаға арналған мектептің есігіне құлып ілінді.

Торғын Әбдірахманова, Балуан ауылының тұрғыны:
- Қазір 5-6 ғана үй түтін түтетіп отыр. Оның ішінде жалғыз басты, көшуге ешқандай шамасы келмейтін адамдар. Мал ұстап отырған адамдар ғана қалды. Ешқандай көмек болып жатқан жоқ. Жол да қиын, судан да қиыншылық көреді. Мына мектептің жабылуына байланысты, жердің сатылуына байланысты құруға жақын.

2017-2019 жылдары аймақта 33 елді мекен жабылды. Қазір тағы осынша ауылда тұратын адамдардың саны 10-нан аспайды. 6 ауыл тіпті қаңырап бос тұр. Ендігі үміт – оңтүстіктен келетін келелі көште. Биыл күнгейден солтүстікке 2,5 мың адам және алыс-жақын шетелден 183 қандас қоныс аударған. Бұл мақсатқа ел қазынасынан 1,1 миллиард теңге қаржы бөлінді.

Назерке Тасқұлова, облыстық Жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының бас маманы:
- Бізде 153 елді мекен бекітілген. Яғни олардың инфраструктуралары орташа және жоғары деңгейде. Ешқандай инфроқұрылым жасалмаған болса, яғни ол ауылдарға көшірілмейді. Өйткені бірінші кезекте отбасылардың балалары болады дегендей. Мектептерге орналастыру, өздеріне жұмысқа орналасу және қыс мезгілінде жол болмауы да мүмкін.

Бүгінгі күні облыста 635 ауыл бар. Әсіресе шалғайда орналасқан елді мекендердің жағдайы мүшкіл. Халық құрдымға кеткен елді мекендерді құтқарып қалу үшін, төскейге мал жайғысы келеді. Сондықтан жергілікті билік жайылым мен шабындық жерлерді кеңейтіп берсе дейді. Жалпы аймаққа әлі де 5 мыңнан астам маман жетіспейді.

Авторлары: Самат Қайырденұлы, Қуаныш Қазбеков