Елдегі жылу орталықтарының 80% тозған
Қытымыр қыстағы апаттан қыруар қаржы да құтқармады.
Коммуналдық инфрақұрылымның тозуын азайту мақсатында 160 миллиард теңге бөлінген. Бірақ нәтиже жоқ. Мәжіліс отырсында депутат Ерлан Сайыров осылай деп, Премьер-министрдің бірінші орынбасарына депутаттық сауал жолдады. Айтуынша, Республика бойынша тозығы жеткен жылу орталықтары 80 пайыздан асты. Олардың көбі 50 жылдан астам уақыт жұмыс істеп тұр. Ал орталықты жаңғырту жұмыстарына арнайы бөлінген ақша тиісті міндетке жұмсалмайды. Бұл ретте мәжілісмен Роман Склярға салаға бөлінген қаражатқа қатаң сараптама жасап, әрбір жемқорды қатаң жазалау керектігін айтты. «Сондай-ақ өңірлердегі оперативті штабтардың жұмысын күшейтілген режимге көшіру қажет», - деді. Үкімет пен жергілікті әкімдіктерге қауіпті зоналар бойынша «рисктер картасын» әзірлеуді ұсынды.
Ерлан Сайыров, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты:
- Бірінші аяз түсуімен коммуналдық инфрақұрылымының сыр бере бастауы дәстүрге айналып отыр. Былтырғы Екібастұз, Риддер, Балхаш, Көкшетау, Қарағанды, Теміртау, Петропавл қалаларындағы апаттар – қордаланған мәселелердің айқын көрінісі. Соған қарамастан біз жылына бұл салада тек 5-7 процентке ғана жаңарып отырмыз. Бұл тіпті елдегі ескіру үрдісінің орнын толтырмайды. Олай жалғаса берсе, жылу энергетикасындағы коллапс орнауы ықтимал.