«Астрахань-Маңғышлақ» су құбырын жөндеу жобасының бірінші кезеңі аяқталды
Елдің батысындағы «Астрахань-Маңғышлақ» магистральді су құбырын жөндеу жобасының бірінші кезеңі аяқталды.
Жобаны «Қазмұнайгаз» Ұлттық компаниясы қаржыландырған болатын.
Осылайша су құбырының қайта жөнделген 177 шақырымы бүгін пайдалануға берілді. Ел Премері Әлихан Смайылов бейнебайланыс арқылы нысан жұмысын өзі ресми түрде іске қосты.
Жоба аясында «Астрахан-Маңғышлақ» магистральды су құбырының екі учаскесі жаңғыртылды. Нәтижесінде оның су өткізу мүмкіндігі тәулігіне 110 мың текше метрден 170 мыңға дейін артады. Жалпы, мұнай компаниясы осындай 3 жобаны жүзеге асырып жатыр.
Мағзұм Мырзағалиев, «ҚМГ» ҰК АҚ Басқарма төрағасы:
- Сонымен қатар осыдан 1 ай бұрын Кендірліде орналасатын су тұшыту зауытының құрылысы да басталды. Оның жалпы қуаттылығы тәулігіне 50 мың. Яғни біз қазіргі таңда мұнай-газ компаниясы болсақ та, еліміздің халықтың әл-ауқатын арттыру мақсатында осындай ірі жобаларды іске асырып келе жатырмыз.
«Астрахан-Маңғышлақ» магистральды су құбырының батыс аймақ үшін маңызы зор. Еділ өзенінен тартылған құбыр Атырау облысының Құрманғазы, Исатай және Жылыой аудандарын, сондай-ақ Маңғыстау облысындағы Жаңаөзен қаласы мен Бейнеу, Маңғыстау, Қарақия және Түпқараған аудандарын сумен қамтамасыз ететін жалғыз орталықтандырылған құбыр желісі. Оның жалпы ұзындығы 2130 шақырымнан асады.
Хамит Қабылов, ардагер-гидролог:
- Оның тағы да жұмыстары алда бар, тағы да ұлғайту керек Осы учаскеден кейін әрі қарай Құлсарыға дейін Маңғыстауға дейін мұны үлкейту керек. Неге десеңіз су халыққа өндірістер көбейіп жатыр. Солардың барлығына әлі жеткіліксіз.
Қазмұнайгаз компаниясы келесі кезекте Қиғаш өзеніндегі су айдау стансасын күрделі жөндеу жұмысын бастауды жоспарлап отыр. Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша қолға алынған кешенді жоба кезең-кезеңімен жүзеге асатын болады.
Арыстанбек Кенже, Айбек Байзақов, Жандос Рахметуллин