ЖОО студенттеріне 17 мыңнан астам орын жетіспейді

Білім қуған жастар пәтер жалдап, тентіреп жүр. Себебі жатақханаларда орын тапшы.

Бүгінде ЖОО студенттеріне 17 мыңнан астам орын жетіспейді. Сұраныс Астана мен Алматы қалаларында жоғары. Биыл елде 43 жатақхана қолданысқа берілген. Соның өзінде туысқандарының үйінде немесе пәтер жалдап  жатқан жастар жетерлік.

Жансәуле Абдулла арман қуып Астанаға келген жастардың бірі. Елордадағы Лев Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінде 4 жыл білім алған. Дипломы қолына тигенше дейін пәтер жалдап тұруға мәжбүр болған. Өйткені, студенттік жатақханада орын жетпеген.

Жансәуле Абдулла, Астана қаласының тұрғыны:

- Себебі ондағы студенттер саны көп болды. Жатақхананың саны көп болғанымен, ондағы орын көптеген түсуші студенттерге жетіспеді. Маған амалсыздан пәтерге көшуге тура келді. Пәтер жалдау өте қымбат болды. Оны кез келген студенттің қалтасы көтере бермейді.

Жатақханалардың жетіспеушілігі ірі қалаларда ғана емес, өңірде де өзекті. Мәселен теріскейде Аризона университетінің филиалы ашылып еді, төсек-орындардың тапшылығы қатты сезіле бастады.

Данагүл Көбенова, М. Қозыбаев атындағы Солтүстік Қазақстан университеті департаментінің менеджері:

- Бүгінгі күні университетіміздің студенттері үшін 2,5 мың орын тапшы. Бұл қажеттілікті жою мақсатында бірнеше жылдар бойы 1200 орындық 2 жатақхана құрылып жатыр. Бұл құрылыс алдағы оқу жылында аяқталып, жөндеу жұмыстары аяқталып, студенттерге береміз деген жоспар бар.

«Студенттік жатақханалардағы орын тапшылығы бұрыннан қордаланып келе жатқан мәселе. Оның басты себебі – білім саласына тиісті деңгейде қаржының бөлінбеуінде», – дейді жауаптылар. Ал 90-шы жылдардағы жекешелендіру ісінің салдарынан көптеген жатақханалар мемлекет меншігінен жекеге өткен. Енді қазір ел бойынша мыңдаған студент туысқанның үйін жағалауға немесе пәтер жалдап, тентіреп жүруге мәжбүр болып отыр.

Саясат Нұрбек, ҚР Ғылым және жоғары білім министрі:

- 30 қарашадағы тапшылық 17,5 мың төсек орын. Биыл жылдың соңына дейін 10 мың 367 төсек орынды біз қазір енгіземіз қолданысқа. Сонда 7-8 мың тапшылығымыз қалады.

Министрдің сөзінше 2025 жылға қарай студенттердің барлығы жатақханамен қамтылатын болады. Бірақ бұл уақытша ғана. Өйткені студенттердің саны жыл сайын артып келеді. Қазір еліміздің ЖОО-да 626 мың жас білім алып жатcа, 2030 жылға қарай олардың саны 1 млн-нан асады деген болжам бар.

Саясат Нұрбек, ҚР Ғылым және жоғары білім министрі:

- Сондықтан бұл жұмыс тоқтамауы керек. Жыл сайын кемінде 10-12 мың төсек-орынды салуымыз керек. Былтыр 33 жатақхана, биыл 43 жатақхана енгізілді.

Орын тапшылығын шешудің ендігі бір жолы – ол жеке кәсіпкерлермен тығыз әріптестік орнату. Яғни, хостелдарды жалға алу. Қазір елдегі университеттер бизнес өкілдерімен осындай 170-тен аса келісім жасасқан. Бүгінде хостелдарда 20 мыңнан астам студент тұрып жатыр. Дені Алматы қаласында. 1 студент үшін мемлекет кәсіпкерге жылына 580 мың теңге көлемінде ақша төлейді екен.

Ақерке Абылайхан, ҚР Ғылым және жоғары білім министрлігі комитеті төрағасының орынбасары:

- Қонақ үйі, хостелі бар кәсіпкерлер күн сайын клиент іздейді. Ал енді университетпен келісім жасасып, студенттерді тұрғызатын болса, табысы тұрақты түрде жүріп тұрады. Бұл өте тиімді.

Хостелдарға да қойылар талап жоғары. Бұл ғимаратта келісім жасалған университеттің студенттері ғана тұруы тиіс. Ал жалпы жатақханалардың мәселесін шешу үшін министрлік заңнамаға да өзгеріс енгізген екен. Енді университеттер түлектердің барлығын жатақханаға орналастыру керек. Жоғарғы курстағы студенттердің 70 пайызына да орын тауып беруге міндетті. Бұл талап орындалмаса университетке лицензия берілмейді. Яғни, жоғары оқу орны жұмысын жалғастыра алмайды деген сөз.

Авторлары: Риат Шони, Самат Джакупов