Алматы әуежайы 9 миллионыншы жолаушысын салтанатпен күтіп алды
Алматы әуежайы бүгін 9 миллионыншы жолаушысын салтанатты түрде күтіп алды.
Ол 55 жастағы Қазақстан азаматы болып шықты. Астана-Алматы бағытындағы рейстен түскен бетте оған әуежай басшылығы оған құрмет көрсетті. Екі адамға Бодрумға жолдама табыстады. Мына видеода жолаушының әуелі ешнәрсе түсінбегенін, бірақ артынан балаша қуанғанын байқауға болады.
Жаңа әуежай келесі жылы ашылады
Алдыңғы жылы Алматы терминалы 7 млн адамды қабылдаған еді. Жолаушы ағыны жыл санап артып бара жатыр. Бұл мәселені шешу үшін жаңа стратегиялық нысан құрылысына 250 млн АҚШ доллары көлемінде инвестиция құйылды. Келесі жылы іске қосылған соң, жолаушы ағыны шамамен 17-19 пайызға арта түседі. Әуежай басшылығы жыл сайын орта есеппен 6-7 пайыздық өсімді болжап отыр. Биылдың өзінде ескі терминал халықаралық бағыт бойынша сапарға шыққан 4 млн адамды қабылдапты. Жаңа терминал іске қосылған соң, тағы үш миллионнан астам жолаушыға қызмет көрсетеді. Демек алдағы уақытта халықаралық және ішкі рейстердің саны едәуір артпақ. Бұл қазақстандық әуе тасымалы нарығына жаңа компаниялар келеді деген сөз. Әрі 800 тұрақты жұмыс орны құрылады.
ЦИТАТА:
Әлп Ер Тунга Ерсой, Алматы халықаралық әуежайының президенті:
Жаңа әуежайда өз-өзіне қызмет көрсету жүйесі іске қосылады. Паспорттық бақылауды да электронды гейт арқылы жүзеге асырылмақ. Сондай-ақ Алматыдағы әуежай терминалын Орталық Азияның карго хабына айналдыруды көздеп отырмыз. Әуежайдың бұған әлеуеті толық жетеді. Ал ескі терминал тек ішкі рейстерге қызмет ететін болады. Бұл ел ішін аралайтын жолаушылар үшін ыңғайлы болмақ. Оны жаңғыртуға алдағы 5-6 жылда тағы 100 млн АҚШ долларындай инвестция құю керек.
Әуе тасымалынан жердегі жолаушылар тасымалына ойыссақ. Бәсекелестікті қорғау және дамыту агенттігі Яндекс.таксиге қатысты монополияға қарсы тергеуін аяқтады. Қорытындысы бойынша такси генераторы әкімшілік жауапқа тартылатын болады. Атап айтқанда, компания такси парктерінің экономикалық қызметін үйлестіріп, көліктердің бақылау-кассалық бағдарлау жөніндегі техникалық қызметін ұсынғаны белгілі болды. Енді таксиге тапсырыс бағасы әдеттегіден екі есе қымбат болса, көлік жүргізушілері комиссия төлемейді. Finans.kz телеграм каналаның хабарлауынша, мұндай шешім экономикаға жылына 2 млрд теңге әкелмек. Сонымен қатар 2024 жылы такси жүргізушілері үшін қосымша бонустық бағдарлама іске қосылады. Оның құны 7-10 млрд теңгеге бағаланып отыр.
Еуразиялық даму банкі келер жылдың макроэкономикалық болжамын жариялады. Сарапшылар банкке мүше мемлекеттердің биылғы экономикалық көрсеткішін негізге ала отырып, талдау жасаған. Мына графикада елімізден бөлек Армения, Беларусь, Қырғызстан, Ресей мен Тәжікстаннның келесі жылғы жалпы ішкі өнімінің болжамы келтірілген.
Енді жылдық инфляцияға үңілсек. 2024 жылы еліміздегі инфляция 7,1 пайыз мөлшерінде болады. Еуразиялық даму банкінің сарапшыларының болжамы осындай. Ең төменгі инфляция Арменияда тіркелуі мүмкін. Ал Беларусьте оның деңгейі жоғары болмақ, яғни 8 пайыз мөлшерінде.
Келесі жылға жасаған болжамның тағы бірі доллардың орташа бағамына қатысты. Еуразиялық даму банкінің сарапшылары АҚШ валютасының орташа құны 470 теңге шамасында болады дейді. Сол сияқты, Армения, Беларусь, Қырғызстан, Ресей мен Тәжікстан валютасының бағамы мына кестеде көрсетілген.
Ұзақ мерзімге арналған мына бір болжам қазақстандықтар үшін қызық болар деген сенімдемін. Салыстырмалы құндағы жалпы ішкі өнім 2026 жылға дейін бірқалыпты деңгейде болмақ. Келесі жылы 5, одан кейінгі жылдарда 5,1 пайыз мөлшерінде. Сарапшылар инфляция алдағы 2025-2026 жылдары төмендейді деген болжам жасап отыр. Ал 1 АҚШ доллары 2026 жылы 507 теңгеге дейін жетуі мүмкін.