Қостанай облысында биыл 25 денсаулық сақтау нысанының құрылысы басталды
Қостанай облысында биыл 25 денсаулық сақтау нысанының құрылысы басталды.
Соның бірі Октябрь ауылында салынып жатыр. Аталған елді мекендегі қазіргі амбулатория ғимараты әбден ескірген. Және оның екінші қабатта орналасқандығы біршама жайсыздық туғызады. Сондықтан жергілікті тұрғындар жаңа медициналық мекеменің пайдалануға берілуін асыға күтіп жүр.
Октябрь ауылындағы амбулатория өткен ғасырдың орта шенінде салынған. Содан бері жөнді жөндеу көрмепті. Ескі ғимараттың медициналық қызмет көрсету талабына сай келмейтін тұстары аз емес.
Василий Дука, Октябрь ауылының тұрғыны:
- Соның ішінде ең негізгісі амбулаторияның екінші қабатта орналасқандығы. Мүгедек жандарға, қарт кісілерге көтеріліп-түсуі қиын. Жаңа амбулатория салынса, оның бәрі ұмыт болар деген ойдамыз.
Амбулаторияда үш дәрігер жұмыс істейді. Жас мамандардың бірі Сунатулла Мұсабеков Шымкенттен екі ай бұрын ғана көшіп келген. Ауылдағы тұрмыс жағдайына оның көңілі толғанымен, медициналық қызмет сапасын жақсарту бағытында атқаратын жұмыс аз еместігін ашық айтты. Бірінші кезекте ауру белгілерін анықтайтын зертхана ашылса деген тілегі бар.
Суннатулла Мұсабеков, жалпы тәжірибелік дәрігер:
- Бұл жақтан анализ тағайындасақ, оны қалада тапсырады, оны уақыт өтеді. Сол жақ мысалға, пациенттің жасына байланысты, денсаулығына байланысты анализді екі-үш күн күтіп қаламыз. Оған дейін біз нақты ем тағайындамаймыз.
«Ауылдық денсаулық сақтау саласын жаңғырту» ұлттық бағдарламасы аясында салынып жатқан жаңа нысанда мұның бәрі ескеріледі», –дейді жергілікті атқарушы билік өкілдері. Биыл басталған амбулатория құрылысы, келер жылы жаз шыға аяқталады. Оның жобалық құны 600 миллион тенгеге жуық.
Ерлан Бектанов, Октябрь ауылының әкімі:
- Бір қабатты ғимараттың ауласымен қоса есептегенде жалпы аумағы 632 шаршы метр. Мұнда шамамен 15-19 дәрігерлік қабылдау кабинеттері ашылады. Күндізгі стационарлық бөлімі, жеке зертханасы болады. Қаладан қосымша дәрігерлер алдыртамыз.
Алдағы бір екі жылда облыс бойынша ауылдық жерлерде осындай 25 замануй медициналық мекеме салынады. Оның 19 фельдшелік-акушерлік пункті де, бесеуі амбулатория.
Авторлары: Мағауия Қалиев, Ермек Мухамедьяров