Қазақстаннан әлемнің қандай ірі қалаларына рейстер ашылады?

Ұлытау, Алматы, Маңғыстау, Батыс Қазақстан, Солтүстік Қазақстан және Түркістан облысы әкімдерінің орынбасарларына сөгіс!

Бүгін Үкімет отырысында Премьер-министр Әлихан Смайылов өңірдегі шенеуніктерді қатаң сынға алды. Себеп – аталған аймақтарда тұрмыстық қалдық көбейіп кеткен. Тиісті тапсырма әлдеқашан берілсе де, жұмыс жоспары әлі жоқ. Сөгіс өз алдына, егер тапсырма бірінші сәуірге дейін орындалмаса, тәртіптік шара қабылданады. Сосын, қаперіңізде болсын, рұқсат етілмеген жерге қоқыс тастасаңыз, екі еселенген айыппұл төлейсіз. Кодекске түзету енгізіледі. 

Үкіметте қаралған екінші мәселе – авиацияны дамыту. Бұл салада 11 айда әуе компаниялары 12 миллионнан аса жолаушы тасымалдаған. Бұл өткен жылмен салыстырғанда 23%-ке артық. Алдағы 2 жылда елімізден Мумбай, Токио, Сингапур, Шанхай және Нью-Йоркке рейстер ашылады.

Әлемнің ірі қалаларына рейстер ашылады

Қорған Қонысбайұлы, тілші:

- Елде жолаушы тасымалы артады. Келесі жылы Шымкент, Қызылорда, Алматы қалаларындағы жолаушы терминалдарының құрылысы аяқталады. Ал Біріккен Араб Әмірліктерінің инвесторы 2024 жылы Астана әуежайының ұшу-қону жолағын өз қаражаты есебінен жөндеуге кіріседі. Сосын 2-3 жылда Қарқаралы, Ұлытау, Зайсан және Катонқарағайда әуежай салынбақ. Бұл мәселе қазір пысықталып жатыр.

Елдің әуе паркі ұлғаяды. Министр ұшақ көбейсе, билет арзандауы мүмкін деді.

Марат Қарабаев, ҚР Көлік министрі:

- 2025 жылдың соңына дейін қазіргі қол қойылған шарттарға сәйкес әуе паркі 25 бірлікпен толықтырылып, 124 ұшақты құрайтын болады. Ондағы орындар саны 32%-ке артады. Борттар санының артуы авиабилеттер құнының және авиарейстердің кешігу деңгейінің төмендеуіне ықпал ететін болады.

Рейстің кешігуі әдетке айналып барады. Жолаушылар оған үйренген де. Үкімет басшысы әуе кемесінің уақытында ұшпауына қолайсыз ауа райы ғана себеп емес деді. Сосын компанияларға қызмет көрсету сапасын жақсартуды міндеттеді. Жағымды жаңалық, 2024-2025 жылдары Мумбай, Токио, Сингапур, Шанхай және Нью-Йоркке рейстер ашылады. Ендігі 6 жылда жолаушы тасымалы кем дегенде 2 есе ұлғаймақ.

 

Қоқыс үшін салынатын айыппұл екі есе көбейеді

Үкіметте қаралған екінші мәселе – тұрмыстық қоқыстан құтылу. Экология және табиғи ресурстар министрі Ерлан Нысанбаев қоқыс үйінділерінің 80%-і жойылғанын мәлімдеді. Бірақ бірқатар өңірде бұл бағыттағы жұмыс бас бармақпен бағалайтындай емес. Осыған жауапты облыс әкімдерінің орынбасарлары бүгін сөгіс алды.

Әлихан Смайылов, ҚР Премьер-министрі:

- Біз бұл мәселені биыл қыркүйек айында Үкімет отырысында қарадық. Бірқатар тапсырма берілді, оның ішінде стихиялық қоқыстардың санын 2 есеге қысқарту мәселесін көтердік. Жалпы өңірлерде тиісті жұмыстар жүріп жатыр. Алайда Ұлытау, Алматы және Маңғыстау облыстары ең төмен нәтиже көрсетіп отыр. Аталған өңір әкімдеріне осы салаға жетекшілік жасайтын орынбасарларына сөгіс жариялауды тапсырамын. Аудандар мен қалалардың 75%-і коммуналдық қалдықтарды реттеу бағдарламаларын әзірлеуге әлі кіріспегенін айтып өтті. Ал мерзім әлдеқашан өтіп кетті. Мысалы, Батыс Қазақстан, Солтүстік Қазақстан, Түркістан облыстарында және тағы да сол Маңғыстау облысында бірде-бір жоспар әзірленбеген. Сондықтан аталған өңір әкімдері де өздерінің осы салаға жетекшілік ететін орынбасарларына тапсырманы орындамағаны үшін сөгіс жарияласын!

Енді рұқсат етілмеген жерге қоқыс тастағаны үшін салынатын айыппұл екі есе көбейеді. Әкімшілік кодекске түзету енгізіледі. Жеке тұлғалар 100 АЕК-ке дейін, ал шағын кәсіпкерлік нысандары немесе коммерциялық емес ұйымдар 200 АЕК-ке дейін айыппұл арқалайды.

Авторлары: Қорған Қонысбайлы, Жандос Битабаров.