Сырдария өзенінің деңгейі көтерілді
Бүгінде Қызылорда облысының аумағына секундына 400 текше метрден астам су келіп жатыр.
Өзен арнасының Арал мен Шиелі ауданы аралығын қалыңдығы 15-25 см мұз жапқан. Ал Жаңақорған ауданының Төменарық елді мекені тұсында ұсақ мұздар жүріп жатыр. Осыған байланысты облыста су тасқынына қарсы дайындық шаралары пысықталды. Қазір төтенше жағдай кезінде пайдаланатын 117 тонна жанармай, 139 мың дана қап, 18 мың бау қамыс дайын тұр. Сонымен қатар 69 эвакуациялық пункт бар. Мұнан бөлек, мұз жару жұмыстары мен қосымша қап алуға бюджеттен 15 миллион теңге қаржы бөлінді.
Ерлан Бәкіров, Қызылорда облысы әкімі аппараты басшысының орынбасары:
- Жалпы биылғы жылы біз 29 ықтимал су шаю қаупі бар учаске анықталды. Оған ірі құрылыс мекемелері, ірі шаруашылықтардан құралған, 116 шаруашылықтардан, мекемелерден құралған кезекшілік бекітілді. Онда мыңнан астам адам және 362 техника бекітілген.