Қысқы туризм: саяхашылар Қазақстанның таулы аймақтарын таңдайды
Жаңа жыл келе жатыр. Демалыс келе жатыр.
Қар түсіп, біраз елдің көңілі жайланды. Өйткені қыс келсе, шаңғысын алып, тау жағалап кететіндер көп. Өз ішімізден бөлек, шет елдерден де бірсыпыра жұрт Қазақстанның қарын аңсап келеді екен.
Жалпы биыл алғашқы 6 айда 3 млн-нан аса қазақстандық ел ішінде саяхат жасады. Бұл былтырғымен салыстырғанда 400 мыңға көп.
Иә, туризмді дамытамыз десек, алты ай қыстың да берері көп екен. Тек саяхатшы қауымның көңілін тауып, тау аңғарынан жайлы орын сайлап берсек болды. Бірақ тау шаңғысы курорттары бізде аса көп емес. Туристер, әсіресе Алматының жаймашуақ күні мен жұмсақ қарына қызығады екен.
Қазіргінің қызығы – осы. Жұрт шаңғы теуіп, сноубордпен, конькимен сырғанауды трендке айналдырды. Қазақстанның қысы осы экстремальды спорт түрлеріне қолайлы. Мұны мамандар айтып отыр. Таулы аймақтардың қысы ұзақ, қары жұмсақ болған соң шетелдіктер де жиі келеді.
Даниел Сержанұлы, «Kazakh Tourism» ұлттық компаниясының басқарушы директоры:
- Қараша айынан басталатын қысқы туристік маусым сонау сәуір айына дейін созылады. Жалпы бізде күн шығып тұратын қолайлы күндердің өздері 300-ден астам және қардың ыңғайлығы, жұмсақтығы отандық ғана емес, басқа елдерден де туристер тартып жатыр. Корей мемлекеттерінен, Еуропа мемлекеттерінен келетін адам саны бар.
Елде 14 тау-шаңғысы курорты бар. Мұнда жыл сайын 1,5 млн-дай турист келеді. Олардың саны жылдан жылға өсіп келеді. Жалпы туризмнің көрсеткішінде серпіліс бар. Туризм және спорт министрлігінің болжамына сенсек, жыл соңына дейін ішкі туристер 9 млн-ға жетеді. Ал елге келетін шетелдіктердің саны 1,5 млн-ға жақындайды.
Иә, қазақ қысты қылышымен емес, ырысымен қарсы алса деген тілек бар. Қардан да қомақты қаржы табуға болады. Алайда қысқы туризмдегі әлеуетімізді толық пайдалана алсақ, қане? Сарапшы Нұрсұлтан Маханбетәбдіұлы осылай дейді. Оның айтуынша, сұраныс көп, демалыс орны аз.
Нұрсұлтан Маханбетәбдиев, сарапшы:
- Біз Қаракөлмен салыстырамыз Қырғыстандағы. Қаракөлмен Шымбұлақты салыстырсақ, Шымбұлақ біраз қымбат. Шынымен, қымбатшылық өте қатты болып жатыр. Бір зат қымбаттаған сайын туристік қызметке әсер етеді. Жалақыны қымбаттату керек бола ма, сәйкесінше жататын орындарды қымбаттату керек. Инфрақұрылым, жолдың мәселесі, жататын орындардың мәселесі әлі күнге дейін шешілмей жатыр. Қарапайым тілмей айтатын болсақ, Шығыс Қазақстан облысындағы Алтай-Тарбағатай – қазақстандықтардың әлі күнге дейін бара алмай отырған орындарының бірі.
Алайда отандық туристік орталықтарға деген қызығушылық артып жатыр. Мұны саладағы кәсіпкерлердің табысынан байқауға болады. Олар бірінші жартыжылдықта 100 млрд теңге пайда тапты. Бұл былтырғымен салыстырғанда 30 млрд теңгеге артық. Айтпақшы, сарапшы тау-шаңғысы базаларын мемлекет қолдауы арқылы көбейтуді ұсынады. Сонда сан да, сапа да жақсаруға тиіс.
Даниел Сержанұлы, «Kazakh Tourism» ұлттық компаниясының басқарушы директоры:
- Туристік нысан салған кезде мемлекет инвестиция қаржы көлемінің 10%-ін қайтарып береді. Бұл – бір. Тау-шаңғы курорттарын салғандағы жабдықтардың 25%-ін қайтарып береді. Мысалы, қар шашу және т.б. құрал-жабдықтардың 1/4 қайтарып береді. Жалпы қолдау шараларында жеңіл несие мүмкіндіктері қарастырылған. Осы арқылы қысты демалыс орындарын салу мүмкіндігі де бар.
Елде жыл сайын 100-ге жуық қонақүй салынады. Бұл сұраныстың барын, туристердің көп екенін көрсетеді. Жалпы қазақ жерінің тұмса табиғаты әлемде жоғары бағаланады. Сол себепті қысы-жазы сұранысқа ие демалыс орындарын көбейту маңызды. Шаңғысын сайлап, сырғанағын әзірлеп отырсаң, өз ішіміздегі саяхатшылар да шекараның шетін аңдымай, Алатаудың бөктеріне аялдар еді.
Авторлары: Бекзат Аманов, Болатбек Табалдиев.