Қазақтың тұңғыш дикторы 103 жасқа аяқ басты
Қазақ телевизиясының тұңғыш дикторы кім екенін білесіз бе?! Зұлқия Жұматова биыл 103 жасқа аяқ басты.
«Өмір өтіп барады көрген түстей...». Аңызға айналған апамыздың өмірі мен шығармашылығына арналған кітап жарық көрді. Кітапта қазақ телевизиясы мен оның бастауында тұрған Зұлқия Жұматованың еңбек жолындағы ерекше сәттері қамтылған. Биыл 103 жасқа толған Зұлқия Мұқанқызы 1920 жылы Павлодар облысында дүниеге келген. 1958 жылы Алматы телестудиясы ашылған кезде «балалар бағдарламасына редактор болам», - деп келеді. Сол кезде режиссер Шәкен Айманов Зұлқия Мұқанқызының дауысы мен сөйлеу мәнерінің ерекшелігін байқап, дикторлыққа келген 750 үміткердің ішінен таңдап алады.
Ләскер Сейітов, қазақ телевизиясының ардагері:
- 1962 жылы 20 қазанда диктор болып қабылданғанымда бірінші көрген адамым Зұлқия Жұматова еді. Алла тағала бұл кісінің бойына бәрін сыйдырып берген. Ақыл берген. Түр берген. Дауыс берген. Инабаттылық берген. Адамның экранға шыққанда жүзі жылы болуы керек. Сол жылылық көрермендерге әсер етеді.