Мемлекеттік мүлікті жалға берудегі олқылықтар
Өскеменде сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің өкілдері саябақ аумақтарын жалға беруге қатысты былықтарды анықтады.
Тергеу амалдарын бастауға кәсіпкерлердің шағымдары сеп болған. Тексеріс кезінде инфрақұрылымы мен аумағы бірдей сауда алаңдарының әр түрлі бағамен жалға берілгені анықталды. Кәсіпкерлердің бірі 120 мың теңге, ал енді бірі небары 9 мың теңге төлеген. Тексерістен соң жалдау бағасы теңестірілді. Ал кәсіпкерлерге бұдан былай келісімшарттарды мемлекеттік қызметтер реестрі арқылы электронды форматта жасауға кеңес берілді. Бұл заңбұзушылықтар анықталған кезде құқықтарын қорғау үшін қажет. Агенттік қызметкерлері бизнес субъектілерінің иелігіндегі жерді пайдалану ережелерінің бұзылуына қатысты деректерді де тіркеді. Бүгінгі күнге дейін облыстың қала-аудандарында пайдаланылмай келген 800-ден астам учаске анықталды.
Денис Шәкенов, ШҚО Сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес департаментінің жетекшісі:
- Жергілікті атқарушы билік өкілдері 833 жер учаскесін мемлекет меншігіне қайтарады. Олардың ішіндегі 195 аумақ ірі меншік иелеріне тиесілі болып шықты. Бұл бағытта тиісті шаралар қолға алынып, тексеріс жүргізілді.