Қарағандыда жерасты жылыжайы іске қосылды
Қарағандыда бұдан былай жылдың төрт мезгілінде қауын-қарбыз бен жергілікті климатты жатсынып, өңірдің топырағын жерсінбей келген гүлдің түр-түрі өсірілетін болады, деп хабарлайды 24KZ.
Университет базасында жерасты термос жылыжайы іске қосылды. Мұны салуды ғалымдар 15 жылдан бері жоспарлап келген екен. Жылыжай 5 метр тереңдікте орналасқандықтан, жылуды жақсы сақтайды. Аймақтағы жалғыз термос-жылыжай қазірдің өзінде өнімдерін саудаға шығара бастады. Солтүстік Еуропа елдерінің тәжірибесіне сай салынған кешен ауданы – 270 шаршы метр.
Маргарита Ишмуратова, биотехнология және экомониторингтік зерттеу паркінің жетекшісі:
- Бұл – бұрын-соңды болмаған жоба. Сондықтан біз ұзақ уақыт дайындалдық. Өткен аптадағы 34 градусқа дейін төмендеген үскірік аяз кезінде мұнда қалыпты температура сақталып тұрды. Сондықтан біз қазір жаппай егу жұмыстарын бастадық. Жылына мұнда 15 мың түп гүл және 1 мыңнан астам ағаш өсіру жоспары бар. Оны қала көшелеріне және университет маңын көгалдандыруға жұмсаймыз. Көкеністер мен дақылдардың көлемі әлдеқайда көп болады.