Елімізде ұшақпен қатынайтындар қатары артты

2024 жылы Алматы, Шымкент және Қызылорда қаласында жаңа терминалдардың құрылысы аяқталады, деп хабарлайды 24KZ.

Елорданың әуе айлағында келесі жылы ауқымды жөндеу жұмыстары жоспарланған. Бұл шаралар инвесторлар есебінен жүзеге асырады. Жұмыс аяқталғаннан кейін әуежайлардың жолаушылар өткізу қабілеті 4-5 есеге дейін артады. Биылдың өзінде отандық авиакомпаниялар жолаушылар тасымалы бойынша рекордтық көрсеткішке қол жеткізді. Әуе парктері де бірқатар жаңа ұшақтармен толықты.

Отандық әуе тасымалдаушылар үшін биылғы жыл жемісті болды. Осы күнге дейін олар 13 млн жолаушыны діттеген жеріне жеткізген екен. Ал ел әуежайларында қызмет алғандардың қатары 25 млн-нан асты. Бұл рекордтық көрсеткіштер болып отыр. Жылды қорытындылаған бейінді министрлік елдегі әуе паркі де жаңа ұшақтармен толыққанын айтты.

Марат Қарабаев, ҚР Көлік министрі:

- Отандық авиакомпаниялардың әуе кемелер паркі 89-дан 99 бірлікке дейін ұлғайтылды. Ондағы сыйымдылық 12 мыңнан 15 мың орынға дейін өсіп, жалпы өсім 26% құрады. Жеке инвестициялар есебімен Шымкент, Қызылорда, Алматы қалаларында 3 жаңа жолаушылар терминалының құрылысы айтарлықтай тездетіліп отыр.

Айта кету керек, бүгінде Қазақстанның 28 елмен халықаралық әуе қатынасы бар. Апта сайын 110 бағыт бойынша 4 отандық және 30 шетелдік әуе тасымалдаушылары арқылы 567 рейс орындалады.

Ал келер жылдың көктем-жаз маусымынан бастап отандастарымыз Сауд Арабиясына да ұшу мүмкіндігіне ие болады. Арабтардың әуекомпаниясы аптасына 7 рейс жиілігімен қатынамақ жоспарда.

Әділет Көбенов, ҚР Көлік министрлігі Азаматтық авиация комитетінің басқарма басшысы:

- 13 елге халықаралық рейстер ашылған. Оман, Сауд Арабиясы, Үндістан. Жақын арадағы жоспар оңтүстік-шығыс Азиядағы ең ірі лоукост AirAsia деген компаниясы наурыз айынан бастап кірейін деп жатыр. Ол Алматы-Куала-Лумпур бағыты бойынша аптасына 4 рейс ұшуды жоспарлап отыр. Одан бөлек, қаңтар айынан бастап эмираттық WizAir компаниясы Абу-Даби-Түркістан бағыты бойынша рейстер ашуды жоспарлап отыр.

Ел нарығына тағы бір компания пайда болады деп күтіледі. Нақтырақ айтқанда, вьетнамдық лоукостер Qazaq Air компаниясын сатып алмақ ниетте. Қазір тараптармен тиісті келіссөздер жүргізіліп жатыр.

Марат Қарабаев, ҚР Көлік министрі:

- Егер вьетнамдық компания Qazaq Air-ді сатып алатын болса, онда олар қосымша 50 ұшақ әкеле алады. Қазір бұл компания боинг әуе кемесінің 200-іне тапсырыс беріп қойған. Одан бөлек, өз балансында эйр бастың 200 ұшағы бар. Қазақстан нарығына кіретін болса, мықты бәсекелестік орната алады.

Азаматтық авиацияда проблема жоқ емес, бар. Ол – әуе билеттерінің аспандап тұрғандығы. Бұған қатысты халық тарапынан шағым көп. Енді мәселені бір жақты ету үшін әуе билеттерінің құнынан «отын алымы» ұғымы алып тасталды. Бұл бағаның бей-берекетсіз көтерілуіне тосқауыл болады. Ендеше жаңа жылдан бастап ұшақпен қатынау көпшілік үшін қолжетімді болып қалар деген үміт бар.

Авторы: Риат Шони.