Шымкент әуежайының маңындағы үйлер бұзылмайды
Шымкент әуежайының санитарлық аймағындағы нысандарға қатысты шешім өзгерді.
Қала әкімдігі 300-ден аса үйді бұзбас үшін ұшақтарға арналған жаңа жолақ салынатынын мәлімдеді.
Алайда тұрғындардың баспанасы әуе кемелеріне кедергі келтірмес үшін бір қабаттан аспауға тиіс деген талап өзгеріссіз қалады.
Қызылжар мен Жиделі тұрғын алабындағы үйлер ұшу айлағына тым жақын орналасқан. Сондықтан әуежайдың санитарлық қорғау аймағын құру туралы шешім қабылданған. Қаулыға сәйкес жалпы 139 гектар жер мемлекет қажеттілігі үшін қайтарылуы тиіс еді.
Алайда жер телімін заңдастырып, баспанасын тұрғызып қойған бұқара бұл хабарламадан кейін абдырап қалды. Өйткені көпшілігі халықаралық әуежайдың маңына 2007 жылдары қоныстанған. Сондықтан өз үйін тастап, жаппай көшуге қарсы болды. Нәтижесінде қабылданған шешім қайта өзгертілді.
Шерәлі Бектас, Қызылжар ықшам ауданының тұрғыны:
- Кейінгі 2 жылда мынау снос болады деп бізді мазалап жатыр еді. Көше қалған жағдайда бұндай үй ала аламыз ба, ала алмаймыз ба деген уайым бар еді. Сносқа кетпейтін болды,-деді. Соған қуанып жатырмыз.
Бағалау жұмыстары барысында 307 жер телімі анықталды. Мұндағы тұрғын үй, кәсіпкерлік нысан және бос жатқан жер учаскесін қайтаруға бюджеттен 30 миллиард теңгеге жуық қаражат қажет болған. Ал санитарлық қауіпсіздікті қамтамасыз ету үшін жаңадан ұшу-қону жолағын салу анағұрлым тиімді,-дейді мамандар.
Нұрбол Жүнісбеков, қалалық Сәулет, құрылыс және жер қатынастары басқармасының басшысы:
- Бағалау жұмыстары ішінара жүргізілді. 30 млрд-қа жуық қаражат қажет болғанбықтан біздің қала әкімдігі осы жолақты салуға шешім қабылдады. Біріншіден бюджетті экономдау, екінші халықтың тұрмыс-тіршілігі үшін тұрғын үйлерді сақтап қалуымыз керек.
Оның үстіне ел Президенті әуежайды мультимодольді орталыққа айналдыру міндетін жүктеді. Сондықтан әуе кемелерінің жолын жаңғыртып, логистиканы жетілдіру қажет. Мамандар тиімді шешімнің арқасында ұшып-қону жолағы ұзартылып, жүк көтеру қабілеті 60%-ке артатынын айтады. Ал жаңа жолақ бұған дейін ауылшаруашылығы мақсатында жалға берілген жерге салынады.
Ролан Ибрагимов, қалалық Жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасының басшысы:
- Ұшу-қону жолағын жаңарту бізге бюджет жағынан тиімді. Өйткені білесіздер мультимодольді хаб болғаннан кейін бізде ұшу-қону жолағы заманауи талаптарға сәйкес болуы керек. Қазіргі таңда жобалаушы мекеме ізденіс жұмыстарын жүргізіп жатыр. Яғни жаңағы тиісті географиялық белгілерін, желдің бағытын, жердің құрамын барлығын текесріп жатыр.
Сала мамандарының сөзінше жаңа ұшып-қону жолағы әлемдік стандарт бойынша үшінші санатқа сәйкестендіріледі. Ұзындығы 3 мың 300 метр, ал ені 45 метр болмақ. Құрылыс жобасы келесі жылдың үшінші тоқсанында ұсынылады.
Нұрсұлтан Мұхамеджан, Самат Нағашбекұлы, Нұрмахан Бекмұратов, 24.KZ, Шымкент.