Қызылорда облысында өзекті мәселелер шешімін тапты
Қызылорда облысында биыл энергетика саласындағы бірқатар өзекті мәселе шешімін тапты, деп хабарлайды 24KZ.
Өңірді газдандыру көрсеткіші 75%-ке жетті. Жарық және жылу желілерін жөндеу жұмыстары да жүйелі жалғасын тапқан. Ал облыс орталығындағы 60 жыл бұрын іргесі қаланған жылу электр орталығының орнына жаңасы салынатын болды.
Қосшыңырау ауылының тұрғыны Жұмакүл Әбуқызының үйі – қазаны оттан түспеген, пешінен жылу кетпеген қазақы шаңырақтың бірі. Балалары шелектеп көмір тасып, күл шығарды. Әр қыс маусымында 10 тоннадан астам көмір сатып алуға тура келді, - дейді ақжаулықты ана.
Жұмакүл Әбуқызы, Қосшыңырау ауылының тұрғыны:
- Баяғыдан ата-бабамыздан келе жатқан қара пешіміз өзіміздің. Сол осы уақытқа дейін жақтық енді. Балдар өсірдік, қыздар өсірдік. Солар өзіміздің жаққан отымызды осы уақытқа дейін жағып келе жатыр балаларым. Енді, шүкір Аллаға, көгілдір отын келіп, балдарымызға, келіндерімізге, өзіміздің артымыздан еріп келе жатқан жастарымызға, шүкір, жақсы болды.
Қызылорда облысында биыл 10 ауыл табиғи газға қосылды. Бірер күнде тағы 2 ауылдың тұрғындары көгілдір отынның игілігін көре бастайды. Осылайша, өңірді газдандыру көрсеткіші 75%-ке жетеді. Ауылдарды газдандырудан бөлек, аймақта бірқатар энергетикалық жоба жүзеге асты. Оның аясында тозып тұрған электр желісі мен трансформаторлардың 2% жаңарды. Оған бюджеттен 1,6 миллард теңге жұмсалды. Энергия ысырапы 15%-ке азайды. Өңірдегі өзекті мәселелердің қатарында тозығы жеткен жылу жүйелері де бар.
Болатбек Ысмағұлов, облыстық энергетика және ТКШ басқармасының басшысы:
- Жылу жүйесінің тозығын азайту мақсатында биыл республикалық бюджеттен 8 миллиард теңге бөлініп, 8 жоба бойынша 8,1 шақырым жылу желісінің құбырлары ауыстырылды. Бұл қазір 2,9%-ке тозу деңгейін төмен түсірдік. 47,5%-тен 44,9%-ке төмендеді.
Нұрлан Жақыпбеков, тілші:
- Қызылордадағы ескі жылу электр орталығы 60 жыл бұрын салынған. Құрылғылары тозып тұр. Соңғы жылдары жиі сыр бере бастады. Алдағы уақытта энергия тапшылығы туындамас үшін жаңасы салынатын болды.
Энергетикалық жоба шетел инвестициясы негізінде қолға алынған. Құрылыс құны – 215 миллиард теңге. Орталық сағатына 277 гигакалория жылу мен 240 мегаватт электр энергиясын өндіреді. Айтулы құрылыс 36 айда аяқталуы керек.
Авторлары: Нұрлан Жақыпбеков, Нұржан Мұзарапшин, Айтмұхамбет Байділдаев.