Түркістан облысында 97 балық шаруашылығы ашылды
Түркістан облысында балық шаруашылығымен айналысушылар саны 2 есеге артты, деп хабарлайды 24KZ.
Оған мемлекеттік қолдау мен «Ауыл аманаты» жобасы сеп болған. Соның нәтижесінде жаңадан 97 шаруашылық ашылып, тауарлы балық өсірумен айналысатындардың саны 224-ке жетті. Өңірде балық шаруашылығымен айналысатын қанша су айдыны бар? Шаруалар қанша тонна өнім алуды жоспарлап отыр?
Дәулетәлі Әбдірахман тауарлы балық өсірумен 6 жылдан бері айналысады. Алғашында кішігірім сынақпен басталған іс қазір нәтижелі өнім беріп жатыр. Бүгінде шаруашылық жасанды жолмен жылына 700 тоннаға жуық балық етін өңдейді. Балықтар инкубациялық цех жүйесі арқылы көбейтіледі.
Бақытбек Тургелдиев, балық шаруашылығының бас маманы:
- Нөлден бастап осы жерден басталады. Тағы цехымыз бар сыртта, сол қосылған кезде 2 млн шабақ шығарамыз. Бір айналып шыққан кезде. Соның 33%-і тірі қалады. Қалғандары шығынға кетеді. Инкубацияның ішінен бір аптада шығады. Майда көлдерге шығады. Оны күзге дейін баққанда 100-150 грамға дейін өндіріп алсақ, көктемде салған кезде ол 2 келіге жетеді.
Қазір Шардара ауданында балық өңдейтін 5 зауыт жұмыс істейді. Балық өнімдерін өңдеу, тұздау, ыстау, жем шығару және вакуумдеу жұмыстары осында іске асырылады. Балықты терең өңдейтін кәсіпорындар былтыр 6 млрд-қа жуық теңгенің өнімін өндіріп, 80%-ін экспортқа шығарды. Себебі сапалы өнімге сұраныс жоғары, - дейді мамандар. Тиімділігі сол, мұнда шикізат қалдықсыз өңделеді.
Маржан Жұртбаева, технолог:
- Тәулігіне 12 тонна көксерке балығы сойылады. Бір ауысымда 18 адам балық кесуге жұмысқа тартылған және тапсырыс бойынша қабылдаған сазан тушка кесіп береміз. Бір айда 400-450 мың айлық алып жатырмыз.
2023 өңірдегі балық шаруашылығын дамытушыларға инвестициялық субсидия ретінде республикалық бюджеттен 226 млн теңге берілді. Одан бөлек, балықтың жеміне 30%, шабағы мен аналығын сатып алуға 25% субсидия төленді. Сонымен қатар былтыр жобалық құны 8 млрд 135 млн теңге болатын 97 жаңа шаруашылық ашылды. Оның 35 «Ауыл аманаты» жобасы аясында іске асырылып, балық өсірушілер саны 127-ден 224-ке жетті. Нәтижесінде өңір шаруалары 10 мың 400 тонна тауарлы балық өндірді. Бұдан бөлек, облыс аумағындағы көлдердің барлығы заңдастырылды.
Қайрат Абдуалиев, облыстық табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасының басшысы:
- 112 су айдыны, оның ішінде республикалық маңызы бары 8, жергілікті маңызы бар 104 су айынын заңдастырып, 94 су айдыны, оның ішінде 25-і кәсіпшілік, 69-ы тауарлы балық өндірушілер болып есептеледі. Көлдердің бәрі толық заңдастырылып бітуіне байланысты сұғанақтық пен броконьерлік былтырғы жылмен салыстырғанда 56%-ке кеміді. 97 көл қайтадан рәсімделіп, жаңа көлдер ашуға қол жеткіздік.
Салаға жауапты мамандар алдағы уақытта Қазығұрт, Бәйдібек, Мақтарал, Жетісай, Төлеби, Созақ және Сарыағаш аудандарында аумағы 466 гектар болатын 26 жаңа шаруашылық ашылатынын айтады. «Сол кезде облыс тұрғындарын балық өнімімен толық қамтамасыз етеміз», - дейді.
Авторлары: Жандос Жұмабек, Ерболат Әбіш.