Елде энергетикалық сусындар сатуға тыйым салынуы мүмкін
Биылғы жылдың ел күткен бір жаңалығы 21 жасқа толмаған азаматтарға энергетикалық сусындар сатуға тыйым салынбақ.
Ал үлкендер үшін сатылса саудасы мектептен және басқа оқу орындарынан 200 метр алшақта жүруге тиіс.
Денсаулық сақтау, спорт ғимараттарына да бұл сусынды жақындатпайды. Бірақ бұл әлі Заңның жобасы ғана. Заң жобасын Мәжіліс қарап, Сенатқа жібермек.
Бес жылда энергетикалық сусындар саудасы 198 пайызға өсті. Денсаулық сақтау министрлігінің мәліметіне сүйенсек, 2017 жылы 61 мың тонна сусын сатылса, 2022 жылы 184 мың тоннаға жетті. Мамандар мектеп жасындағы балалар арасында энергетикке әуестіктің артқанына алаңдайды. Сусынның құрамындағы кофейн денсаулыққа кері әсер етеді дейді олар.
Жанар Қалмақова, ҚР ДСМ «Қоғамдық денсаулық сақтау ұлттық орталығы» ШЖҚ РМК басқарма төрағасының орынбасары:
- Энергетикалық сусынның бір банкасында 160 грамм кофейн бар. Балаларға тәуліктік мөлшері – 100 грамм. Көбінесе балалар, жасөспірімдер, жастар бір банкамен шектеліп қана қоймайды ғой. Олар энергетикалық сусындарды судың орнына шөлін басу үшін бірнеше банкасын қолданады.
Кофейннің көп болуынан адам ұйқысыздыққа шалдығады. Қан қысымы көтеріліп, жүрек соғысы жиілейді. Ішек құрылысының жұмысы бұзылып, басы жиі ауырады. Кейінгі кезде семіздік белең алды. Бес жылда 15 жасқа дейінгі балалар арасындағы семіздік 1,6 есеге артқан. Сондықтан, мамандар энергетикті 21 жасқа дейінгі жастарға сатуға тыйым мәселесін көтеріп отыр.
Жанар Қалмақова, ҚР ДСМ «Қоғамдық денсаулық сақтау ұлттық орталығы» ШЖҚ РМК басқарма төрағасының орынбасары:
- Өйткені жасөспірімдердің миының дамуы 21 жаста аяқталады. Сондықтан да осы темекіні де мысалы, алкогольдік сусындарды 21 жасқа дейін пайдалануға шектеу қойылған ғой біздің Қазақстанда, бүкіл әлемде.
Дәрігерлер энергетикалық сусындар жарнамасын шектеу қажет деп есептейді. Олардың айтуынша, қазіргі уақытта жарнама балалардың сусынды көптеп ішуіне ықпал етуде. Сондай-ақ, білім ошақтарының маңында сатуға тыйым салу қажет дейді.
Гүлдара Нұрымова, ҚР Парламенті мәжілісінің депутаты:
- Ең бірінші – 21 жасқа дейін сатуға тыйым салу. Содан кейін автоматтарда, мектептердің, колледждердің қасында осындай сусындарды сатпау үшін тағы басқа да ұсыныстарды қарап жатырмыз. Енді осы заң Мәжілісте қаралып, Сенатқа жіберіледі.
Өндірушілер шектеулер бизнеске орасан соққы болатынын айтады. 2022 жылы энергетикалық сусындарды өндірушілер 24 млрд теңгеге жуық салық төледі. Алкогольсіз сусындар мен шырындар өндірушілер қауымдастығының басшысы Әлия Мамытбаеваның айтуынша, жаңа норма салдарынан мемлекет қазынасы 16,5 млрд теңгеден қағылады. Жарнама бизнесі мен құты шығаратын кәсіпорындар шығынға ұшырайды.
Әлия Мамытбаева, ҚР Алкогольсіз сусындар мен шырындар өндірушілер қауымдастығының президенті:
- Біз түбегейлі қарсымыз. 21 жасқа дейін сатуға шектеу алкогольсіз сусындарды алкогольмен теңестіреді. Шектеу шаралары күшейгеннен үш жылға жоспарланған 5 млрд теңге сомасындағы инвестициялық жобалар шегеріледі. Көлеңкелі бизнестің өріс алуы әбден мүмкін. Энергетикалық сусындардың қауіпсіз екендігін беделді халықаралық ұйымдар сан мәрте дәлелдеді. Министрлік жан-жақты сараптама жасауы тиіс. Мәселен, энергетикке қарағанда кофеде кофейн үлесі өте жоғары.
Сусынды өндірушілер осындай уәж айтқанмен, қазір әлемнің бірқатар елінде энергетикалық сусындарды сатуға қатысты шектеулер енгізілген. Мәселен, Түркия, Польша, Әзербайжанда кәмелет жасқа толмағандарға сатылмайды. Испанияда бұл тақырып жан-жақты қаралып жатыр. Олар энергетикті алкоголь және темекімен қатар қойып отыр.
Нұрқанат Қанапия, Бағдат Қайыркен, Серік Қоңырбаев, «24.KZ».