Қ. Сәтбаевтың мерейтойына орай ауқымды іс-шаралар өтеді

Биыл ұлтымыздың ұлы перзенті, Қазақстандағы геология ғылымының негізін қалаушы, мемлекет және қоғам қайраткері Қаныш Сәтбаевтың туғанына 125 жыл толады.

Ол геолог қана емес, әдебиетші, тарихшы, этнограф, математик, педагог те болды. Қазақ жерінің байлығын бүкіл әлемге танытып, ғылымының дамуына даңғыл жол салып кетті.

Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Егемен Қазақстан» газетіндегі сұхбатында ел тарихында ерекше орны бар тұлғаларға құрмет көрсету дәстүрінің айрықша маңызға ие екендігі айтылған. Әйгілі ғалымның мерейтойына орай ел көлемінде ауқымды іс-шаралар жүзеге аспақ.

Жамбыл Артықбаев, тарих ғылымдарының докторы, профессор:

- Қаныш Имантайұлы Сәтбаев – қазіргі қазақ ғылымының негізін қалаған, соның іргетасын мықтап бекітіп берген ұлы ғалымдарымыздың бірі. Әрине, ол алғашқы ғалым емес қазақ тарихындағы. Қаныш Имантайұлының шыққан ортасының өзі ғылыми орта болатын. Қаныш Имантайұлының бүкіл ғұмырын қазақ ғылымына арнауы заңды құбылыс. Енді бүгінгі күні қазақ жастарына, қазақ азаматтарына үлгі болатын тұлға қандай десек, осы Қанекеңді айтуымыз керек. Ғылымның беделін, берекесін көтеру үшін бізге Қаныштың тұлғасы аса маңызды.