Қаңтар оқиғасына қатысты баяндама таныстырылды
Астанада «Қаңтар-2022: Сәтсіз мемлекеттік төңкеріс әрекетінің хроникасы» атты баяндама таныстырылды, деп хабарлайды 24KZ.
Сарапшылар қасіретті қаңтар заңды билікті қарулы күшпен құлатуға бағытталған ел тарихында алғашқы ұйымдасқан әрекет болғанын айтты. «Аманат» қоғамдық комиссиясының төрағасы Абзал Құспан сарапшыларға Қаңтар оқиғасына қатысты талдамалық баяндамасын ұсынды. Автордың айтуынша, баяндамада бейбіт наразылық соңы билікті қарулы күшпен басып алуға ұласудың сценарийлік моделі нақты сипатталған. Сондай-ақ Президенттің шешуші сәтте нақты шаралар қабылдауы елдің тұтастығы мен тәуелсіздігін, оның демократиялық бағытын сақтай отырып, жағдайды заң мен тәртіпке қарай өзгерткені айтылды.
Абзал Құспан, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты:
- 2022 жылы болған қанды Қаңтар оқиғасы еліміздегі қайғылы даталардың біріне айналды. Біз осы 2 жыл бойы өзіңізге белгілі «Аманат» деген комиссия құрып, Қаңтар оқиғасына қатысушы тұлғаларға көмек ретінде құқықтық-заңгерлік жұмыстарын бастаған болатынмын. Тек Қаңтар оқиғасына және оның тергелуіне қатысты арнайы сайт ашылады. Сайтта Қаңтар оқиғасын тергеуге байланысты барлық материал жарияланады. Бұл жерде факт қалай орын алды, солай минутына дейін көрсетіледі.