Көкшетауда жылу электр орталығы салынады
Көкшетауда көптен күткен жылу электр орталығы салынады, деп хабарлайды 24KZ.
Ауқымды жобаға ресейлік инвесторлар қызығушылық танытқан. Қазір екі тарап арнайы меморандумға қол қойды. Ал аймақ үшін маңызды нысанның құрылысы биыл басталып, 2027 жылы аяқталады деп жоспарланып отыр.
Көкшетаулықтар жылу электр орталығының құрылысын көп күтті. Себебі жергілікті тұрғындар қыста жарытып жылуға жарымайды, ал ыстық су атымен жоқ. Соңғы жылдары қала халқының саны 30%-ке өскен. Оның үстіне жаңа нысандар мен тұрғын үйлер салынып жатыр.
- Өте асыға күтіп жүрміз. Балаларға керек. Студент, оқушы балаларымыз бар. Әрине, тезірек жөнге қойып, істеп берген дұрыс болар еді.
- Біздің қалаға ТЭЦ өте қажет. Өйткені қала өсіп жатыр. Тұрғындар көбейіп жатыр.
- ТЭЦ бәрібір де керек. Сонда үйлер толық жылы болады. Ыстық су үйде болады. Әйтпесе қазір Аристон. Энергия, жарық көп кетеді. Ақша көп төлейді халдық.
Жарты ғасыр бұрын салынған жылу қазандықтарының әбден тозығы жеткен, тіпті қалаға жылу беруге қуаты жетпейді. Оны шаһар басшысы да жасырмайды. Ескірген қазандықтарды жаңғыртуға жергілікті қазынадан жыл сайын миллиардтаған қаржы бөлінеді. Мәселен, осы жылыту маусымында бұл бағытта 5 млрд теңге қарастырылған.
Бауыржан Ғайса, Көкшетау қаласының әкімі:
- Жылу қазандықтарынын қуаты жетпейді. Өйткені қазір қала тұрғындары шамамен 500 гигакалория жылу тұтынады. Ал біздің қазандықтар небәрі 300 гигакалория жылу таратады. Жалпы қала бойынша жылыту маусымындағы шығын көлемі 13 млрд теңгеге жуықтайды. Ал кіріс – 4,5 млрд теңге. Себебі бізде электр энергиясы өндірілмейді.
Жалпы жылу электр орталығының жобасы осыдан 10 жыл бұрын дайындалған. Бірнеше рет тендер жарияланғанымен, ешқандай компания қызығушылық танытпады. Салдарынан жоба құны қымбаттады. Нақтырақ айтсақ, бастапқы баға 240 млрд теңге болса, қазір 389 млрд теңгеге дейін өсіп отыр.
Данияр Қуанышбаев, энергетика және ТКШ басқармасының басшысы:
- Біз құрылысты осы жылдың үшінші немесе төртінші тоқсанында бастауды жоспарлап отырмыз. Яғни, үкіметаралық келісімге қол қойылған кезде негізгі мерзімдер белгілі болады. Жоба 2 кезеңге қарастырылған. Бірінші кезеңде 3 қазандық пен 1 турбина қойылады. Сол кезде біз нысанды бастап, іске қоса аламыз. Ал екінші кезеңде 2 турбина мен 2 қазандық орнатылады. Оған тағы 2 жылдай уақыт кетеді.
Абзал Балтабаев, тілші:
- Аймақта бірер жылда осы жаңа нысан пайдалануға берілсе, жылу мәселесі түбейгейлі шешімін табады. Оған қоса орталық 240 мегаватт электр энергиясын өндіретін болады. Осылайша, шағын шаһар қуат көзіне деген тәуелділіктен арылып, өз-өзін толық қамтитын жағдайға жетеді.
Авторлары: Абзал Балтабаев, Евгений Шинкаренко.