Қошанов: Ұлытаудың дамуы қарқынды
Жезқазған қаласының жаңа бас жоспары қабылданады.
Шаһардың инфрақұрылымын жаңғырту, екінші жылу электр орталығын, екі жылдың ішінде 6 жайлы мектеп, перинаталдық орталық пен спорт нысандарын, тұрғын үйлер салу жоспарланып отыр.
Бұл жөнінде Мәжіліс төрағасы бастаған депутаттық топтың Ұлытау облысына жасаған жұмыс сапарында айтылды.
Ерлан Қошанов Мемлекет басшысының бастамасымен облыстың құрылуы бүкіл ел үшін маңызды оқиға болғанын атап өтті. Сондықтан Президент, Парламент және Үкімет жаңа өңірдің дамуына ерекше көңіл бөледі.
- Ұлытау облысы – өз алдына отау тіккен дербес, экономикалық, әлеуметтік, мәдени даму әлеуеті зор өңір. Облысқа тартылған инвестиция көлемі өткен жылмен салыстырғанда 45 млрд теңгеге артқан. 67 мың шаршы метр баспана пайдалануға берілді. Бұл – өңірдің дамуы қарқынды екенін көрсетеді, – деді Мәжіліс төрағасы.
Сапар барысында Жезқазған байыту комбинаты, жылу электр орталығы және Сәтбаев қаласындағы кеніштің жұмысшыларымен кездесу жоспарланған.