Кәмелетке толмағанға қатысты зорлық-зомбылық жасағандарды өмірбақи бас бостандығынан айыру ұсынылып отыр
Кәмелетке толмағандарға қатысты зорлық-зомбылық үшін қылмыскерді өмір бойына бас бостандығынан айыру ұсынылып отыр.
Балаларға жасалған озбырлық әрекеттер үшін татуласу тәртібі алдағы уақытта қолданылмайды. Бүгінде осы сипаттағы істердің 30%-ы тараптардың келісімімен жабулы күйінде қалып отыр. Әйелдер құқықтары және балалардың қауіпсіздігі жөніндегі жаңа заң жобасы жайында Бала құқықтары жөніндегі уәкіл Динара Зәкиева айтып берді. Жазадан сытылып кету ауыр зардаптарға әкеп соғады. Былтыр отбасылық жанжалдардан 69 әйел, 7 бала көз жұмған. Зардап шегушілерден 99 мың өтініш түскен. Енді бұрын әкімшілік кодекс арқылы реттелген жағдайлар қылмыстық санатқа жатқызылып, жаза қатаңдатылады. Бұл қоғам болып күресетін өзекті мәселе-деді уәкіл. Қазір қамқоршы органдар қызметкерлерінің саны небәрі 300 ғана. Ал елде 6 жарым млн бала бар. Сондықтан мамандардың санын 1650-ге жеткізу міндеті тұр. Ал әйелдерді зорлық-зомбылықтан қорғау жөніндегі Ішкі істер министрлігі құрылымындағы бөлімшелер қызметкерлерінің санын мыңға дейін арттыру көзделіп отыр. Қазір онда 256 маман жұмыс істейді.
Динара Зәкиева, ҚР Бала құқықтары жөніндегі уәкілі:
- Жақында Мемлекет басшысы «Егемен Қазақстан» газетіне берген сұхбатында зорлық-зомбылыққа жазаны қатаңдатуды қолдайтынын айтты. Бұл өте маңызды деп санаймын. Себебі бұл зорлық-зомбылыққа жол бермеу мәдениетін қалыптастырудың бір жолы. Әрине бұл бағытта кешенді түрде жұмыс істеу керек. Сол себепті осы заң жобасында алдын алу механизмдерін енгізу үшін яғни отбасыларға балаларға көмек көрсететін инфрақұрылым құру бойынша тиісті нормаларды көздедік.
Ләззат Рамазанова, ҚР Президенті жанындағы әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі ұлттық комиссия төрағасының орынбасары:
- Бүгінгі таңда қоғамда өкінішке орай кері іс-әрекеттер, адамның көңіліне наразылық тудыратын фактілер бұл проблеманы алдыңғы қатарға шығарып отыр. Дегенмен, жаман айтпай жақсы жоқ мемдлекеттің азаматтық қоғаммен бірге жасалып жатқан жұмыстарының барлығының нәтижесі жаңа өзгерістер. Зәбірлеуші білу керек тұрмыстық зорлық-зомбылық болсын, баланың құқығына қарсы іс-әрекеттер болсын бұның барлығы мемлекет тарапынан міндетті түрде қатаң жазаланады.