«Қазақстан халқына» қоры ауыр дертке шалдыққан 300-ге жуық балаға көмектесті

Сөнген үміт қайта жанды. «Қазақстан халқына» қорының арқасында сирек кездесетін ауыр дертке шалдыққан 300-ге жуық баланың өмірге құштарлығы оянды, деп хабарлайды 24KZ.

Солардың бірі – атыраулық Нұрмұхаммед Досқали. «Қазақстан халқына» қоры бүлдіршіннің бір жылдық еміне қажетті қымбат дәрі-дәрмегін алып берген. Жастайынан тағдыр тауқыметін тартқан баламен әріптесім тілдесіп қайтты.

Нұрмұхаммед 2013 жылы өмірге келген. Дүние есігін аша салысымен қиындыққа кез болды. 8 айлығында сәбидің сирек кездесетін аурудың бірі – ахондроплазияға шалдыққаны анықталыпты. Содан бері анасы Бибігүл Шерниязова бөбегін аяққа тұрғызу үшін Астана, Алматы қалаларында емдеткен. 4 жасында тілі шыққан Нұрмұхаммед қазір ән айтады. Ағылшын, орыс тілдерінде еркін сөйлейді.

Нұрмұхаммедтің анасы Бибігүл Шерниязова бүгінде баласын оңалту орталықтарына апарып жүр. Нәтиже де көңіл қуантарлық. Былтыр наурыз айында «Қазақстан халқына» қорының демеушілігімен қымбат дәріні алыпты. Соның арқасында қазір бойының 7 сантиметрге дейін өскенін айтады.

Бибігүл Шерниязова, Нұрмұхаммедтің анасы:

- «Қазақстан халқына» қоры бізге восоритид инъекциясын сатып алып берді. 1 жылдық инъекцияны сатып алып беріп отыр. Соны күнде саламыз. Солардың арқасында сол инъекцияны қабылдап жатырмыз. «Қазақстан халқына» қорының арқасында. Ол болмаса, өзіміздің сатып алу мүмкіндігіміз келмейді. Қымбат. Бір инъекциясы 700 доллар айналасында тұрады.

«Нұрмұхаммедтің бос уақыты жоқ. Сабағынан шыққасын домбыра, вокал үйірмелеріне барады. Суда жүзуді де жақсы көреді», - дейді анасы. Ал қалған уақытында ем қабылдайды.

Владислав Сопруненко, дәрігер-терапевт:

- Нұрмұхаммед қазір сколиоз бойынша ем қабылдап жүр. Емдік дене шынықтыру, кинезиология мамандарының арқасында омыртқасын түзету жұмыстары жақсы жүріп жатыр. Омыртқаның түзелуі баланың дамуына да, ішкі құрылыстарының жақсы жұмыс істеуіне де көмектеседі.

«Қазақстан халқына» қоры сирек кездесетін ауруға шалдыққан балалар үшін үлкен қолдау көрсетіп келеді. 2 жыл ішінде 300-ге жуық балаға қымбат дәрі-дәрмек сатып алып берген.

Эльмира Әлиева, «Қазақстан халқына» қоғамдық қоры Қамқоршылық кеңесінің мүшесі:

- 1 дәрінің өзін 1 млрд теңгеге, 500 мың теңгеге сатып алу, әрине, оңай емес. Кей балалар тіпті ол дәріні ұзақ жыл қолдануы керек. Ал оған қаражат табыла бермейді. «Қазақстан халқына» қоры балалардың өмірін ұзартып, олардың жағдайын жақсарту үшін осындай үлкен мүмкіндік сыйлап отыр. Қордың көмегін алған балалар, ата-аналар алғысын білдіріп жатыр. Жұмыстың нәтижелі болғанына біз де қуаныштымыз.

«Қазақстан халқына» қорының арқасында Нұрмұхаммед сынды балалардың өмір сүруге деген талпынысы артты. Ата-аналар баласының көрер жарығы барына қуанды. Нұрмұхаммед Досқали восоритид инъекциясын тағы 8 жыл қабылдауы керек екен. Үмітін үзбеген ана өнерлі ұлының әлі топ жаратынына сенеді.

Авторлары: Асланбек Шығыр, Амантай Мәтенов.