Түркістандағы Аққұм ауылына сапалы интернет жетті

Елдегі  6 мыңнан аса ауылдың 4858-інде интернет бар.

Бірақ біразының жылдамдығы баяу. Енді Үкімет интернеттің сапасын арттырмақ.

Назерке Тоқжан, тілші:

- Аққұмның атын бір-ақ сәтте әйгілі қылған оқиға естеріңізде шығар. Дегенмен айта кетейін. Оқу жылы басталған тұста Аққұмның бір топ мұғалімі интернет іздеп тау-тасқа сабылғаны бар. Мына сурет әлеуметтік желіде желдей тарап, көпшіліктің қызу талқысына түсті. Бүгін біз сол мұғалімдермен тілдесеміз. 

- Мынау мен. Компьютерді ұстап білім ленд тапсырмасын орындап тұрмын.

Бұл Сәбира Дүйсенова. 20 жыл ұстаздық етсе де, танымалдылық оған ойламаған жерден келді. Көптің талқысына түскен суретте ол да бар. Мұндайға еті үйренгебен ол бастапқыда қатты сасқанын айтады. 

Сәбира Дүйсенова, қазақ тілі және әдебиет пәні мұғалімі:

- Бұлай сенсация болып кетеді деп ойлаған жоқпыз өзіміз де. Бұл біздің көрші Бірінші мамыр ауылы, Қаржан ауылына жататын участок. Сол жердегі ауылдың бас жағы. Кешкі уақыт болатын тұғын, мал өрістетін қайтып келе жатқан уақыт болатын тұғын. 

 Білім ленд істеу үшін интернетке шығуымыз керек болады. Қағаз журналды да қолдануға болар еді бірақ интернеттің жоқтығы байланысты енді заман ағымынан қалғымыз келмеді.

Ауылда интернет жоқ емес, бар. Бірақ тым жеткіліксіз еді дейді ұстаздар. 10 мегабит екі-үш күнде түгесіледі. Сондықтан ондаған шақырым жүріп интернет іздеп сабылсақ та, сапалы білім беру маңызды дейді мұғалімдер. 

Жұбан Таев, Аққұм жалпы білім беретін мектебінің директоры:

- Ол қыркүйек айында болатын. Қазан айының біріне Транстелеком компаниясы радиомост қою арқылы мынау тауға.

- Ана таудың басына ма?

- Сол жерде. Күннен алынатын батарея бар сол арқылы қойып біз мектебімізге жылдамдығы 20 мегабиттік интернет 1 қазаннан бері тоқтаусыз жұмыс жасауда. 

- Менің тағы бір байқағаным, билайн байланыс операторы ұстамайды екен. 

- Енді сол. Сол жайттан кейін ауылға да мына жерде телемұнара қойып,  актив байланыс операторы мына жерге телемұнара қойып таудың үстіне сол арқылы ауылда 4G жылдамдықты интернетпен қамтып отыр. Суымыз бар, газ тартылған. Барлық жағдай жасалған. Ең соңғысы сол интернет еді, бұл да шешілді.

Қаржан тауының етегіндегі бұл мектепте қазір жүзден аса оқушы тәлім алады. Әу бастағы тұрқы келте ғимарат әбден ескіріп, төрт жыл бұрын жаңасы салыныпты. Бұған дейін тоғыз сыныпты болған білім ұясы былтыр жалпы білім беретін мектеп мәртебесін иеленді. Сондықтан сапалы интернеттің дер кезінде жеткені осы мектепте оқуын аяқтағалы отырған оқушыларды да қуантты.  

Ақерке Қайыпбаева, 11-сынып оқушысы:

- Кез келген уақытта мұғалімдерден рұқсат сұрау арқылы интернетке кіріп, пробный тестімізді жасап, Ұбт-ға емін-еркін қолжетімді дайындала аламыз. Шыны керек, 11-класты мен өзім ата-ана 1-сыныпты көрші ауылға ауыстырамыз деген ой болатын, бірақ осы интернеттің келуімен өз ауылымда, өз мектебімде бітіру мүмкіндігі туды.

Биыл елде «Қолжетімді интернет» ұлттық бағдарламасы басталады. Мақсат -  шалғайдағы елді мекендерге талшықты-оптикалық байланыс желісін тартып, жылдамдығы жоғары интернетпен қамту. Үкімет үш жылға есептелген ауқымды жобаны іске асыруға 1,5 трлн теңге қаржы бөлінетінін жеткзді. Оның басым  бөлігі жеке қаражат. Сабақты ине сәтімен болса, көп ұзамай үш мыңнан аса ауыл жылдамдығы жоғары интернеттің игілігін көрмек. Бұл тізімде осы Аққұм ауылы да бар, дейді министрлік. 

- Жалпы оны ауылға әкелген соң жағдайымыз бұдан да жақсы шешіледі деп ойлаймын. Керемет жаңалық.

Назерке Тоқжан