Кибербуллинг: қатыгездік қайдан, қауіп неден?

Қазір бүкіл ғаламшар гаджеттерге байлаулы.

Смартфон, планшет... Осы секілді сандық техникасыз күнделікті тіршілікті елестету мүмкін емес. Бірақ олардың пайдасынан гөрі зияны шаш етектен. Әсіресе өскелең ұрпақ ғаламтордың ғажабына қанығамыз деп түрлі зиян шегіп жатыр. Мәселен, кәмелетке толмағандар арасында кибербуллингке ұшырағандар көбейіп барады. Олар – желіде әлдебіреуге алданып, одан қысым көргендер. Тіпті психологиялық күйзеліске ұшырағандар.

Әлия – мектеп оқушысы. 2 жыл бұрын басынан өткен оқиғаны қазір қорқынышпен еске алады. Оған әлеуметтік желіде әлдебіреу хат жазып, танысқысы келетінін айтқан. Қыз келіспеген соң белгісіз желі пайдаланушы оны қорқытуға дейін барған. Бұл жайттан соң әлеуметтік желіні сақтықпен пайдалану керектігін түсіндім, - дейді Әлия.

Әлия, мектеп оқушысы:

- Сосын сол адам менің суретімді сұрады. Менің мекенжайымды сұрады. Бір жерде кездесейік деп мені шақырды. Бірақ мен ешқайда бармадым. Ол маған сілтемелер көп жіберді. Өте жаман нәрселерді жіберді. Ол мені қорқытты. Келмесең, ата-анаңа айтамын деді.

Қазір кибербуллинг деген кесел пайда болды. Оның құрығына ілінгендердің көбі – жасөспірімдер. Қазір ғаламтордың кесапатымен күресетін арнайы орталық бар. Сенім телефоны ашылды. Былтырғы жылдың қараша айынан орталыққа 5000 адам хабарласқан. Әрбір 10-шы қоңырау балалардан түскен.

Жансәуле Құрманбаева, «111» байланыс орталығының заңгері:

- Барлық ақпарат әлеуметтік желіде. Сабақтар да онлайн. Енді барлық ата-аналарға келіп түскен әртүрлі сілтемелерге, бейтаныс адамдардан келіп түскен ақпараттарды ашпауға, ВКонтакте, WhatsApp желілерінен түскен сілтемелерге ашпау керек. Балалардың білмеуінен болады әртүрлі жағдайлар, қазіргі әлеуметтік желілерде «родительский контроль» деген бар, оны бұғаттау арқылы сондай сайттарға кірмеуді сұраймыз.

Кибербуллингке ес білетін ересектер емес, оңы мен солын танып үлгермеген балалар тап болады. Құқық қорғау органдары осындай қылмыстардың алдын алу шараларын ширатып келеді. Күдікті деген аккаунттар мен әлеуметтік желідегі ойындар бірден бұғатталады.

Гүлмира Шрахметова, Астана қаласы Полиция департаментінің баспасөз хатшысы:

- ҚР Құқықтық статистика және есепке алу комитетінің мәліметі бойынша, Елордада 2023 жылы кәмелетке толмағандардың арасында алаяқтық бойынша 16 факті тіркелді. Полиция департаменті тұрақты түрде профилактикалық шаралар өткізіп жатыр. Мектептерде, оқу орындарында тұрақты түрде дәрістер оқытылады.

Қазір – ғаламтор дәуірі. Десек те ондағы бей-берекет ақпарат тасқыны ұрпақтың санасын улап жатыр. Кибербуллинг атауы қазақ қоғамына жат болғанымен, қатері өршіп-ақ тұр. Бірақ желідегі жүгенсіздік пен жауапсыздық жазаланады. Оны естен шығармаған жөн. Себебі кибербуллинг туралы заң да бар. Мұның сыртында әр ата-ана бала тәрбиесі алдындағы жауапкершілігін де ұмытпағаны абзал.

Авторлары: Қуандық Танабас, Асхат Қарақойшиев.