Елордадағы емхана күрделі жөндеуден өтті

Елордадағы №5 қалалық емхана соңғы 15 жылда алғаш рет күрделі жөндеуден өтті, деп хабарлайды 24KZ.

«AMANAT» партиясының сайлауалды бағдарламасы аясында медициналық мекемені жаңартуға 420 млн теңге бөлінген. Нәтижесінде реабилитация және шұғыл көмек бөлімдері ашылды. Заманауи құрал-жабдықтармен қамтамасыз етілді. Қала шетінде орналасқан емхана 65 мыңнан астам тұрғынға медициналық көмек көрсетеді.

Алтыншаш Табулдина, № 5 қалалық емхананың бас дәрігері:

- Жөндеу 6 айдың ішінде бітті. Бүгінгі күні сол жөндеудің арқасында біз көптеген медициналық кабинеттер аштық. Оған құрал-жабдық алдық. Тағы да бізге компьютерлік томограф алып берді. Біздің агрогородок пациенттеріне керек болып тұрған соң бүгінгі күні сол қолжетімді болып тұр.  

Соңғы 3 жылда емхана дәрігерлерінің еңбекақысы 44, медбикелердікі 26%-ке артты. Бас дәрігердің айтуынша, бұл маман тұрақсыздығын жоюға оң әсер еткен. Дегенмен әлі де учаскелік дәрігерлер мен педиатр жетіспейді. Тапшылықты жою мақсатында жергілікті бюджеттен арнайы оқу гранттары бөлінеді.

- Жөндеуден кейін жақсы. Ашық, іші жарық болып. Жөндеуден кейін іші тіпті әдемі болып кетті.

- Бәрі бар. Құрал-жабдығы да бар. Дәрігерлердің өздері де пациенттерді өте жақсы қабылдайды. Емі қонып жатыр.