Ұлттық ұлан әскерінің құрылғанына 32 жыл толды

Бүгін Ұлттық ұлан әскерінің құрылғанына 32 жыл толды, деп хабарлайды 24KZ.

Еліміз Тәуелсіздік алған соң ел қорғаны – Қарулы Күштер құрылып, сол күндерден бері мыңдаған сарбаз мемлекетіміздің тұтастығы мен тыныштығы үшін әділдік пен тәртіптің күзетінде қалтқысыз қызмет етіп келеді. Олар тіпті жыл сайын қаншама қылмыстың ашылуына ықпал етеді. Арасында бейбіт күннің өзінде кеудесін оққа тосып жүргендер бар. Қарулы қылмыскерді қолға түсерген қарағандылық сарбаз жайлы Дәуренбек Бағдәулетұлы айтып берсін.

Азамат Имаштың әскер сапында қызмет етіп жүргеніне биыл 6 жыл болды. Жақында ғана шаңырақ көтерген оның қызметінде де оң өзгеріс бар. Бірер ай бұрын әскери бөлімнің кинология қызметінің бастығы болып тағайындалған. Жеті қазынаның бірі саналатын серігінің тілін жақсы ұғынатын сарбаз өткен жылдың аяғында әйелін аяусыз ұрып-соғып, қолын сындырып, одан кейін көшедегілерге қауіп төндірген қылмыскерді ұстаған.

Азамат Имаш, 5451 ӘБ кинология бөлімінің бастығы:

- Қызметтік итті қолдану арқылы қылмыскерді ұстадық, сосын полцицияға хабарладық. Оны полиция бөлімшеге алып кетті. Тінту кезінде одан қару-жарақ анықталды. Револьвер пистолеті.

ӘБ сарбаздары қала көшелерінде қоғамдық тәртіпті сақтау мақсатында күнделікті полициямен бірлесіп, патрульге шығады. Қаланың 6 ауданы осы әскерилердің бақылауында. «Қолға түсетіндердің көбі – түнгі уақытта ұрлық-қарлық, тонаумен айналысатындар», - дейді командирлер.

Жеңіс Асылбеков, 5451 ӘБ командирінің орынбасары, штаб бастығы:

- Біз патрульдік посттық қызметке аптасына 4 рет шығамыз. Қызмет уақыты 17:00 мен 23:00 аралығында. Әскери бөлімде 260 әскери қызметші күнделікті посттық қызмет атқарады. Есірткімен ұсталғандар бар, жыл қорытындысы бойынша 10,8 грамм есірткі әшкереленді.

Құрылғанына 57 жыл болған 5451 әскери бөлімінде 800-ден астам сарбаз бар. Тек өткен жылы ғана олар 2 мыңға жуық әкімшілік және ондаған қылмыстық істің ізін суытпай ашуға ықпал еткен. Осының нәтижесінде жоғары қолбасшылықтың алғыс грамоталарымен марапатталыпты. Бейбіт күнде өжеттігімен көзге түскен облыстағы ондаған әскеридің ерлігі қатарға енді қосылғандарға ерліктің асқақ үлгісі болып қала бермек.

Авторлары: Дәуренбек Бағдәулетұлы, Сайран Ақамбаев, Зарина Зұлпыхар.