Банктік аударымға шектеу қою заңды ма?
Шымкентте шағын және орта бизнес өкілдері тұтынушалардан қолма-қол ақша талап ете бастады.
Осылайша банктік аударымдарға шектеу қойған кәсіпкерлер халықты сенделтіп қойды. Ал Мемлекеттік кірістер департаментінің өкілдері жобаның артықшылғы туралы түсіндіріп әлек.
Қаладағы кейбір дүкен иелері «мобильді аударым болмайды, қолма-қол ақша қабылдаймыз» деп тұтынушылар құқығын шектеп жатыр. Онлайн аударымның тексерілетінін естігелі осындай айлаға көшкен сыңайлы. Енді сауда жасағысы келгендер қағаз ақша іздеп сабылап кетті.
Блиц:
- Карта аударым қабылдамайды магазиндерде жаңа жылдан бастап. Қиындықтар туындап жатыр. Қазір банкоматтан шешуге бара жатырмын. Халыққа өте қиын. Бір затты бірнеше жерден іздейміз. Сол қиын.
- Қабылдап жатыр. Кейбіреулер қабылдамай жатыр. Заң шықса заңды айналып өтетін жолды іздейді ғой халық. Енді білмеймін. Өзімде ондай ой жоқ. Салығымды жыл сайын төлеп тұрамын.
Базардағы саудагерлер де алыс-берісіміз 100 аударымнан асып кетеді деп қолма-қол валютаны құп көрді. Онсыз да шығынымыз көп деген кәсіп иелері қосымша салық қосылды деп секем алып отыр.
Бибіажар Сұлтанова, кәсіпкер:
- Сонда біз өзіміз 5 мың теңгеге зат алып, оны 6,5 мың теңгеге сатсақ 1,5 мың теңге пайда көрсек оны үкіметке төлеуіміз керек па!? Біздің бала-шағамыз жоқ па, ішпейміз ба, жемейміз ба!? Мынаның арендасын төлемейміз ба!? Жүріс-тұрысымыз бен тамағымыз бар. И так та үкіметке налог төлеп жатырмыз ғой 6 ай сайын отчет өткізіп.
Төлемнің басқа түрлері бола тұра, қолма-қол ақша талап ету заңсыз,- дейді салықшылар. Осы орайда тұтынушылар тарапы Мемлекеттік кірістер департаментіне ресми арызданып жатыр. Үш бірдей кәсіпкерлік субъектісіне ескерту жасалды. Жалпыға бірдей декларацияны енгізудің үшінші кезеңінде бизнес өкілдері мен компания құрылтайшылары және олардың жұбайы да кіріс-шығысы туралы дерек беруге тиіс. Ал төленген салығы мен банктік аударымындағы мәліметте айырма болса күдік көбейеді.
Алмас Керімбеков, Тұран ауданы бойынша мемлекеттік кірістер басқармасы басшысының орынбасары:
- Енді үшінші кезең кіргеннен кейін табыстарыңызды жасырмаңыздар. Бәрін анық көрсетіңіздер. Ертең банк бізге свидение береді. Сол кезде отчет тапсырған свидение бар. Соның арасында айырма шығады да уже сізге тағы да хабарлама қалыптастырамыз. Өтіп кеткен период. Сәйкесінше бұл жерде өсімпұл, пения деген шығатын болады. Қосымша отчет тапсырылатын болады немесе счеттары бұғатталатын болады банктік.
Ал экономисттер мен сарапшылар көлеңкелі экономиканы жойып, бюджеттік түсімді арттыру халықтың әлеуметтік жағдайын жақсартуға серпін береді деп сенеді. Сондықтан саудагерлер жеке кәсіпер ретінде тіркеліп, ашықтыққа көшу керек. Әйтпесе бизнесі құрдымға кетіп, берешегі артатынын айтады.
Айгүл Төлеметова, экономист:
- Қазіргі таңда көлеңкелі экономика осындай іс-шаралардың арқасында пайызы азайып жатыр. 23,5 болды. Біз бәрібір оған келеміз. Ерте ме кеш пе оған келеміз. Енді айтуға оңай, бірақ әркімнің обороты әртүрлі. Бірақ 3% көп емес деп ойлаймын. Себебі салық әлеуметтік жағдайды жақсартуға, минималды еңбек ақының өсуіне оң әсерін тигізеді. Соны ойлау керек.
Бұдан былай үш ай бойы әр түрлі адамнан 100 төлемнен аса қабылдаған адамға бастапқыда ескерту жасалады. Кейінгі үш айда тағы қайталанса, 150 мың теңгеге жуық айыппұл салынады. Сондықтан Кірістер департаменті клиенттің төлеген ақшасын жеке шотқа емес, кәсіпкерлік мақсатта ашылған есепшотқа қабылдауды ескертеді.
Авторлары: Нұрсұлтан Мұхамеджан, Самат Нағашбекұлы, Нұрмахан Бекмұратов