Өскеменде ескі үйлер қайта жаңғыртылады

Өскеменде тұрғын үй қорын жаңғыртудың ауқымды бағдарламасы жүзеге асады, деп хабарлайды 24KZ.

Бюджет есебінен өткен ғасырдың 50-60 жылдары салынған көпқабатты ескі үйлердің қасбеті, іргетасы мен шатыры жаңартылады. Ресми дерек бойынша шаһарда әбден тозығы жеткен ондай үйлердің саны – 11. Ал оларды жаңғыртудың жолын егжей-тегжейлі тексерістен соң сәулетшілерден құралған комиссия анықтайды. Қалпына келтіруге жарамайтын ғимараттар тіпті бұзылуы да мүмкін.

Еліміздегі тұрғын үй қорының шамамен 30%-ін тарихы 50 жылдан асатын үйлер құрайды. Ал Өскеменде өткен ғасырдың 40-шы жылдары бой көтерген бүтіндей бір аудан бар. Әрине, қаланың орталығында орын тепкен ғимараттардың күтімі жақсы. Ал шеткері жатқан үйлер күрделі жөндеуді қажет етеді. Мысалы, Өскеменнің іргесіндегі Аблакетка ауданындағы үйлер 1950 жылдардың басында бой көтерген. Су электр станциясының жұмысшыларына арналып шағынаудан салынды. Әлі күнге шығыстың қатал табиғатына шыдас беріп тұр. Дегенмен ғимараттың жағдайы тұрғындар үшін қауіпсіз деп айтуға келмейді. Қасбеті тозған, төбесінен су ағады. Оны жөндеуге пәтер иелерінің шамасы жетпейді. Баспанасы әбден тозған осындай 115 отбасы 10 жылдан бері пәтер кезегін тосып жүр.

Равиль Асанов, қала тұрғыны:

- Сырт жағын, бәрін, төбесін ауыстырсақ, терезесін, «фасадтарын», ішіндегісін ақырын-ақырын жасап алсақ, онда тұруға болады. Негізі жақсы үй ғой.

Мәселені түпкілікті шешуге жергілікті биліктің өзі қауқарсыз. Сондықтан әкімдік реновация жобасын ұсынып отыр. Яғни, іргетасынан бастап шатырына дейін жаңарту бағдарламасы. Күрделі жөндеуге жұмсалатын шығын толықтай қазынадан бөлінеді.

Владимир Землянский, қала әкімінің баспасөз хатшысы:

- Мұндай жұмыстар біздің қалада соңғы 10 жылдың көлемінде алғаш рет қолға алынып отыр. Яғни, ескі үйлердің жағдайына көңіл бөліне бастады. Қажетті қаражат қарастырылған. Жұмыстар биыл жүзеге асады.

Көпқабатты 11 үйді күрделі жөндеуге 200 млн теңге бөлінеді. Қаланың ескі ауданындағы ғимараттарды жаңарту мәселесі облыстық деңгейде талқыланып жатыр. Техникалық университетке қарасты сәулетшілер мектебінің доценті Сергей Комлев: «ғимараттарды жаңғыртқанда бастапқы қалпы сақталуы маңызды», - дейді.

Сергей Комлев, ШҚО техникалық университеті сәулетшілер мектебінің доценті:

- Қала бойынша 30-ға тарта ескі ғимарат бар. Оларды жаңарту кезінде аса ұқыптылық қажет. Күрделі жөндеу немесе қайта жаңғырту жұмыстарын жүргізетін ұйымның да тиісті лицензиясы болуы шарт. Себебі ол ғимараттар біздер үшін тарихи-мәдени ескерткіш деп айтуға болады.

ШҚО бойынша 1970 жылға дейін салынған көпқабатты және жеке үйлердің саны 55 мыңға жуық. Ал республикада – 746 мың. Олардың көбі тұрғындар үшін қауіпті. Ескі үйлерді жеңіл-желпі жөндеу мәселені шешпейді. Өңірлерде тұрғын үй қорын жаңғырту жобасы сол себепті қолға алынып отыр. 

Авторлары: Елдос Кәкенов, Вячеслав Ветлугин, Дмитрий Пыхтин.