БҚО-да «Қаладан ауылға» бағдарламасы қабылданады
Батыс Қазақстан облысында «Қаладан ауылға» атты пилоттық бағдарлама жүзеге аспақ.
Мақсат - шекараның түбіндегі қаңырап қалған ауылдарды жанға, өрісті малға толтыру. Бағдарламаның бастапқы жылында 120 жанұяны көшіру көзделген. Ауылға қоныс аударам деген көпбалалы отбасылар тұрғын үймен қамтылып, жеңілдетілген несиеге қол жеткізбек. Өзге де мемлекеттік бағдарламалар бойынша жан-жақты қолдау көрсетіледі. Ресми деректерге сенсек, қазір елді мекендерде 1600-дей үй бос тұр. Бала жетіспеуінен жабылып жатқан мектептер де бар.
Нариман Төреғалиев, облыс әкімі:
- Жасыратыны жоқ, маған күнделікті жеке қабылдауға келіп жатады. Сол кезде қаладағы адамдардың көбі үйіміз жоқ, жұмысымыз жоқ деген мәселелерді көтереді. Біз қазір «Қаладан ауылға» бағдарламасы аясында бірінші кезекте тұрғын үймен қамту мәселесі, екінші кезекте барлық мемлекеттік бағдарламалар аясында оларға көмек жасау. Біз қазір осы бағдарламаның ішіне барлық мемлекеттік бағдарламаларын қосып отырмыз.
Эльвира Аманова, Орал қаласының тұрғыны:
- 11 жыл қалада тұрамыз. Өзіміз пәтердеміз. Тапқан табысымыз пәтер мен балаларымызға кетеді. Осы бағдарламаны естідік. Ауылға барып, бүкіл жағдайды жасап беріп жатыр бізге үй мәселесін. Болашақта мал шаруашылығымен айналысқымыз келеді. Мал ұстағымыз келеді. Ауылға барып тұрғымыз келеді.