Әбілхан Қастеевтің туғанына биыл 120 жыл
Қазақстанның кәсіби сурет өнерінің бастау бұлағында тұрған қылқалам шебері, аса дарынды суреткер – Әбілхан Қастеевтің туғанына биыл 120 жыл.
Қайталанбас қолтаңбасы бар дарабоз суретшінің артында үш мыңнан астам түрлі жанрдағы картиналар қалды. Ол - қазақ көркемсурет өнерінің баға жетпес қазынасы саналады.
Әбілхан Қастеев 1904 жылы бұрынғы Талдықорған облысы Жаркент қаласының маңындағы Шежін ауылында дүниеге келген. Әкесінен ерте айрылған ол, бозбала шағынан қара жұмысқа жегіліп, байдың жалшысы болып жұмыс істейді. Сол кездің өзінде-ақ, бойындағы ерекше талантымен көзге түсе бастайды. Ағаш жонып, темірді иіп түрлі бейнелер жасайды. 1927 жылы Әбілхан Қастеев қатарластарымен бірге Түрксіб темір жолының құрылысында еңбек етеді. Өмірінің бұл кезеңін бейнелейтін «Түрксіб» картинасы кейін суретшінің шоқтығы биік туындыларының біріне айналды.
Сандуғаш Мырзабекова, көрме жетекшісі:
- Өнертанушы Домбровскийдің естеліктерінде Қастеевтің шығармашылығында мысалы алдыңда тұрған тастан бастап сонау алысқа дейінгі қамтылған жерлер 10 километрлік жерлердей скл: кеңістікті өзінің композициясына енгізе алған дейді. Яғни, суретші сонау алыстағы болып жатқан оқиғаны дәлме-дәл жеткізуге тырысқан. Яғни, өзінің көрегендігінің, бақылаушылығының өте өткірлігін айтуымызға болады.
«Әбілхан Қастеевтің кәсіби білімі болмаған. Бірақ соған қарамастан суретші картиналарын академиялық деңгейде салған», - дейді өнертанушылар. Бірде бір фотосуреті сақталмаған Аманкелді Имановтың портретін кенеп бетіне түсіруі нағыз шеберліктің шыңы. Суретші бірнеше жыл қатарынан Торғай өлкесіне барып, көзкөргендердің айтуымен Аманкелді портретінің нобайын сызып, үш жылдан соң батырдың бет бейнесін кенеп бетіне түсіреді. Осы еңбегі үшін суретшіге 1944 жылы Халық суретшісі атағы беріледі.
Әмір Жадайбаев, Ә.Қастеев атындағы ҚР мемлекеттік өнер музейінің жетекші ғылыми қызметкері, өнертану кандидаты:
- Портреттің шынайылығын, нақтылығын негізге ала отырып, Қазақстан Үкіметі арнайы қаулы қабылдады. Онда кино мен театрдағы Аманкелді Имановтың образын жасарда, Әбілхан Қастеевтің салған нұсқасын негізге алу керектігі жазылған.
Қазақ әдебиетінің классигі Ғабит Мүсіреповтің: «Қазақты танығың келсе, Әбілхан Қастеевтің суреттерін көр, Әміренің әнін тыңда» дегені бар. Жаны бар сөз. Суретшінің «Талас өлкесі», «Қапшағай даласы», «Ақсай карьері», «Колхоздағы той», «Медеу», «Жайлау» картиналары қазақтың дархан даласын, сұлу табиғатын паш етеді. Табиғатты документалды дәлдікпен көрсете білу қасиеті суретші шығармашылығының негізгі ерекшелігі, - дейді өнертанушылар. Әсіресе, пейзажда ауқымды кеңістікті қамтуы қылқаламы мен қиялының жүйріктігін аңғартады.
Гүлнәзия Қастеева, Әбілхан Қастеевтің қызы, суретші:
- Осы біздің үйіміз. 58 жылы көшіп келген үйіміз осы отырған Гүлдария екеуміз болуы керек. Алманы жинап. Ол кезде алмалар деген... ооо қандай апорт. Үйдің шетін көрсетіп қойыпты әкеміз. Қазір мына беседканың орнына 65-ші жылы мастерской салып берген әкемізге. Мына гараж әлі тұр.
Бұл ғимарат қазір Әбілхан Қастеевтің музей үйі. 1958 жылы Дінмұхамед Қонаевтың қолдауымен тұрғызылған үйде суретші өмірінің соңғы 15 жылын өткізеді.Ұлы тұлғаның қолының ізі қалған киелі шаңырақта суретшінің өзі қолданған заттары сол күйінде көздің қарашығындай сақтаулы.
Авторлары: Гүлжан Көленқызы, Радик Жакупов, Эдуард Кон