«Майқайыңалтын» кенішінде жұмыс тәулік бойы жүріп жатыр
«Майқайыңалтын» кен байыту фабрикасында жер опырылып, құтқарушылармен бірге құлаған автобусты іздеу жұмыстары аяқталуға жақын, деп хабарлайды 24KZ.
Іздестіру-құтқару шаралары басталған 12 күнде ауыр техниканың көмегімен автобустың ықтимал орналасқан жеріне өту жолдары тазартылды. Шамамен 200 мың текше метр тау жыныстары мен топырақ шығарылды. Ал арнайы алдырылған георадардың көмегімен автобустың орны анықталды. Құтқару жұмыстары тәулік бойы жүріп жатыр. Оған 150-ге тарта адам мен 50-ге жуық техника жұмылдырылған. Апаттың себептерін арнайы комиссия анықтайды. Оның құрамына мемлекеттік органдардың өкілдері, тәуелсіз сарапшылар мен ғалымдар кіреді.
Асайын Байханов, облыс әкімі:
- Әрине, мүмкіндік болса, бүгін бүгін-ертең қазып аламыз деген ойымыз бар. Бірақ оның астына түскеннен кейін нақты белгілі болады. Әрине, опырылған жердің жан-жағы мына төртінші қаңтардан бастап жоқ дегенде жарты, бір метрге дейін көбейді. Ол жан-жағы түсіп жатыр. Ол түскенде жаңағы жай ғана топырақ емес, оның ішінде тас та бар, жаңағы тау пародасы да бар. Сондықтан оның қаупі өте жоғары.